Биыл қантқа қарық боламыз
Жетісулық диқандар биыл қант қызылшасынан мол өнім аламыз дейді.
Өйткені тұқымның шығымдылығы 100 пайыз көрсеткішке жеткен. Оған диқандардың отандық ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі де оң ықпал етті.
Өңірде қосымша 8 сервистік дайындау орталығы құрылып, 62 дана озық үлгідегі заманауи техника алынған. Талдықорған іргесінде егінжай күні жер игерушілерге зиянкестермен күресудің заманға сай әдіс-тәсілдері көрсетілді.
Агроном Ерлан Бекбаев биыл егіс алқабынан мол өнім жиналатынына сенімді. Өйткені қызылша тұқымын егіп, оған күтім жасау барысында озық технология талаптары қатаң сақталған.
Ерлан Бекбаев, агроном:
- Биыл технология бойынша бәрін қолдандық. Арамшөпке, зиянкеске, одан кейін ауруға. Басқа да тыңайтқыштар қолдандық жерге, одан кейін жапырақпен бердік. Технологияның бәрін сақтағанның арқасында осындай жақсы нәтижеге жетіп отырмыз. Қазір қызылшамыз 200 гр жетіп қалды. Ол – жақсы нәтиже.
Осы оң нәтижені қант қызылшасын өсірумен айналысатын өзге де шаруашылықтарға тарату үшін бүгін егінжай күні ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға еліміздің белгілі өсімдіктанушылары қатысып, жер игерушілерге дұрыс күтім жасау жұмыстарын үйретті.
Бекзат Османов, шаруашылық агрономы:
- Ғылыми зерттеулермен жұмыс істеген өте пайдалы деп есептеймін. Өйткені қазіргі кездегі алып жатқан өнімдеріміз, жетіп жатқан жетістіктеріміз тікелей ғылымға байланысты деп ойлаймын. Біз заманауи ғылыммен жұмыс істейміз. Өте күшті, нәтижелеріміз де бар.
Жетісу облысында қант қызылшасының шетелдік сұрыптарымен қоса, отандық тұқым түрлері да себіледі. Бірақ елімізде тұқым шаруашылықтары аз.
Сейіткәрім Қалтаев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ өкілі:
- Бұл жерге өзіміздің отандық сорттарды шығарған ғалымдардың сорттары егілген. Қазіргі шетелдік сорттардан кем түспейді. Сапасы жағынан, өсімдік жағынан, барлық жағынан бірдей. Өйткені соңғы кезде біз кішігірім завод салдық, цех салдық. Сол себепті біз тұқымдарды өңдейміз, дәрілейміз. Тұқымды сапалы жасауға біздің қазір мүмкіндігіміз бар.
Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Біз биыл қант қызылшасының көлемін 12600 гектарға жеткіздік. Бірінші кезекте мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Облыс тарапынан 2,5 млрд теңге ақша бөлініп, 8 сервистік дайындау орталықтарына 62 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып бердік. Лизингке бердік өте жақсы шарттармен. 10 жылға лизинг.
Минералды тыңайтқыштар құнының 50 проценті мемлекет тарапынан субсидияланады. Өз кезегінде шаруашылықтар үшін бұл да үлкен көмек. Өңірде қант қызылшасы алқаптарының көлемі биыл 4 мың гектарға ұлғайып, 12,6 мың гектарға жетті. Одан орта есеппен 550 мың тонна өнім алынады деген болжам бар...
Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов, 24.KZ, Жетісу облысы