Құлсарыда 100 үйдің құрылысы басталды

Атырау облысы, Құлсары қаласында көктемгі тасқын кезінде баспаналары суға кеткен тұрғындар үшін 100 жеке үйдің құрылысы басталды. 

Қиын жағдайға тап болғандар үшін мемлекет қолдауымен қажетті қаражат бөлініп, құрылысшылар жедел іске кіріскен болатын.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Құлсары қаласы бойынша көктемгі тасқын кезінде 3000-ға тарта тұрғын үй жарамсыз болып қалған еді. Бүгінде мемлекет қолдауымен 100 дербес үйдің құрылысы басталды.

Бұл үйлердің әрқайсысы 3 бөлмеден. Жалпы көлемі – 100 шаршы метр. Қазір 80 үйдің құрылысы қатарынан жүріп жатыр. Оны 6 мердігер мекеме жүзеге асыруда. Құрылыс материалдары мен қаражаттан кідіріс жоқ. Күні бүгінгі мәлімет бойынша, 22 үйдің іргетасы қаланып, 11 үйдің қабырғасы қалануда. 

Бұл жоба «Қазақстан халқына» қоры арқылы қаржыландырылған. Қосымша жергілікті бюджеттен 20 үй салынады. Әзірге құрылыс алаңында 120-дай жұмысшы мен 30-ға тарта техника жұмыс істеуде. Қажеттілігіне қарай, тағы да тартылады.

«Болашақ» деп аталатын жаңа ықшамауданның электр желісі, ауыз су, газ құбыры секілді инфрақұрылымдары да мемлекет есебінен жүзеге аспақ. Тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындар енді 2 айдан соң жаңа да жайлы үйлерге ие болады.