Мемлекет басшысы ең қауіпті әлеуметтік кеселді атады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзінде қауіпті әлеуметтік кеселді атады.

Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым, – деді Президент.

Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті.

Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бейжай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді, – деді ол.

Ертең Парламенттің кезекті сессиясы аяқталады. Депутаттар маңызды оқиғалардың бел ортасында жүр. Сайлаушылармен тығыз жұмыс істеп жатыр.

Олар өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болып отыр. Халыққа қажет заңдарды қабылдау жөнінде бастамалар көтеруде. Осы сессияның өзінде елдің дамуына тікелей ықпал ететін 100-ден астам заң қабылданды. Өздеріңізге мәлім, жуырда мен «Масс-медиа туралы» заңға қол қойдым. Өте маңызды құжат. Журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген деп айтуға болады. Бұл құжат еліміздегі масс-медианың әлеуетін арттыра түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ ақпараттық дербестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.