Өңірлерде жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Елімізде біраз жылдан бері созылып келе жатқан бірқатар жол құрылысы аяқталуға жақын.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Сонымен қатар облыс орталықтарын елді мекендермен байланыстыратын бағыттар мен республикалық маңызы бар трассалар да қалпына келмек.

«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» тас жолы Ресеймен шекаралас аумақты Қазақстанның оңтүстігімен және солтүстігімен байланыстырады. Бұл аралықта күн сайын 16 мыңға жуық көлік жүреді. Алайда бұл жол 20 жылға жуық күрделі жөндеу көрмеген. Ойдым-ойдым жол жүргізушілерге үлкен қатер төндіретіні жасырын емес. Жақында ғана жұмыс басталып, әзірге тек ең қауіпті бөліктері жасалып жатыр. Жалпы реконструкция 62 шақырымға созылады.

Есет Аманбаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Жүргізілген есептеулерге сәйкес 5,4 млрд теңге қаражат қажет етеді. Осылар бойынша қазіргі таңда облыстық резервтен ақша бөлу мәселесі қарастырылады. Кейбір су шайып кеткен жолдар қайта төселеді. Құбырлар өзгертіледі және көпірлер қалпына келтіріледі.

Сол секілді биыл Қызылорда облысында да 270 шақырым жол жаңғыртылады. Бұл мақсатқа 33 млрд теңге бөлініп отыр. Осылайша, өңірдегі жолдардың 92 процентін жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспары бар. Бүгінде өңірдегі жолдардың 87 пайыздан астамы қанағаттанарлық және жақсы жағдайда деп бағаланған.

Жәнібек Сыздықов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Облыс аумағында бірнеше көпір құрылысы жүргізіліп жатыр. Былтыр Арал ауданында темір жол үстінен көпір құрлысы басталса, биылғы жылы Жаңақорған ауданында темір жол үстінен көпір құрлысы басталды. Қызылорда қаласында жоласты теміржол көпірінің құрлысы басталды. Қармақшы ауданында Жосалы кентінде темір жол үстінен өтетін көпір құрылысының жобалық сметалық құжаттары дайындалуда.

Ал Ақмола облысында су тасқыны кезінде бұзылған 20 шақырымнан астам жол жөнделеді. Жалпы өңір автожолдарының 140 учаскесін су шайып кеткен болатын. Қазір олар қалпына келтірілді. Алайда көлік жүруге жарамсыз болған жолдар күрделі жөндеуді талап етеді. Жергілікті биліктің дайындап жатқан жобасына сәйкес алдын ала болжам бойынша жөндеу жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам қаражат қажет.

Владимир Кулаков, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Автожолдардың күрделі жөндеуі көп қаржыны қажет етеді. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен немесе облыстық бюджеттен қаржы сұрастырамыз. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттар дайын болады. Сонымен қатар біздің өңірде тасқын су салдарынан 3 көпір қираған. Оларға қазір техникалық зерттеу жүріп жатыр. Оның нәтижелері бойынша нақты шешім қабылдаймыз. Жаңа көпірлер саламыз немесе бұзылған көпірлерге күрделі жөндеу жасаймыз.

Жол жұмыстары кезінде мамандар орташа жөндеуге баса назар аударып жатыр. Бұл, біріншіден, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді талап етпейді. Екіншіден, орташа жөндеу күрделі жөндеуден жеті есе арзан.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, жыл соңына дейін бүкіл ел бойынша 7 мың шақырым жол пайдалануға беріледі, оның ішінде Астана – Алматы, Атырау – Астрахань және Ақтөбе – Қандыағаш сияқты халықаралық транзиттік дәліздер бар.

Мөлдір Молдағали, 24.KZ