Вандализмге жаза күшейтіледі

Вандализм жасағандар 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы Заң бірінші оқылымда мақұлданды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, айыппұл көлемі 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады. Ал бұған дейін вандализмге қатысты тәртіпсіздік жасағандар 50-ден 160 айлық есептік көрсеткіш аралығында айып арқалайтын.

Мұндай әрекеттерді бірнеше рет немесе топпен жасаса, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Дәл осындай жауапкершілік қазіргі заңнамада жоқ. Сондай-ақ қоғамдық инфрақұрылымға шығын келтіргендерге де жауапкершілік күшейтіледі. Дәлірек айтқанда, 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеп, 20 тәулікке қамауға алынады.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Мемлекет басшысы вандализмді жағымсыз құбылыс деп, онымен күресу керектігін атап өтті. Сол себепті осы заң жобаларына өзгерістер енгізіліп жатыр. Вандализм ұғымы қолданыстағы заңмен бірге қалады. Бұл тарихи мұра нысандарын, тарихи және мәдени ескерткіштерін, Үкімет қорғайтын тарих нысандарын сурет пен басқа да адамгершілікке жатпайтын әрекеттермен қорлау деп танылып отыр. Ұғым қала береді. Ал жаза күшейтіледі.