Заңсыз балық аулаған 694 адам жауапқа тартылды

Елде заңсыз балық аулаған 694 адам жауапқа тартылды.

Бұл туралы Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аян Бахиянов мәлімдеді. Бүгін комитет өкілдері «Бекіре-2024» және «Уылдырық шашу» кең ауқымды балық қорғау акцияларының қорытындыларын баяндады. Акция барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері мемлекетке келтірілуі мүмкін 2,5 млрд теңгелік залалдың алдын алды.

Аян Бахиянов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

- Балық аулау ережелерін өрескел бұзуға жол бергені үшін құқық қорғау органдарына қылмыстық іс қозғау үшін 5 жеке тұлғаға қатысты 3 материал жіберілді. Бұзушылардан мемлекет кірісіне 2784 тонна заңсыз ауланған балық, 286 аулау құралы, сондай-ақ 16 жүзу құралы тәркіленді. 14 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. 4,1 млн теңге сомасына балық ресурстарына келтірілген залал үшін талап қойылды.