Түркістан облысында отбасылық зорлық-зомбылық азаймай тұр

Жыл басынан бері Түркістан облысында отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 900-ден астам іс тіркелген, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар көп жағдайда ана мен баланың зардап шегетінін айтады. Өңірде тұрмыстық жанжалдың құрбанына айналған жандарды қолдайтын 10-нан астам орталық жұмыс істейді. Онда жәбірленушіге моральдық-психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Дүйсенкүл Сбанның дағдарыс орталығына келгеніне 1 ай болды. Айтуынша, ата-енесі мен күйеуі күн көрсетпеген. Бірінші некеден туылған баласы да зәбір көріпті.

Дүйсенгүл Сбан, Келес ауданының тұрғыны:

- Ата-анасы баламды түрткілеп, ұрды. «Баламды не үшін ұрады?», - дедім. Сосын күйеуіммен де ортамызда ұрыс болды. Қабырғаға тақап, қылқындыра бастады. «Сен не үшін мені қылқындырып жатырсың?», - дедім. Сосын баламды ұрып жатқан еді, баламды көтердім де жүгіріп, сыртқа шығып кеттім. Полицияға хабарластым. «Мені күйеуім ұрып жатыр. Маған көмектесіңдерші», - дедім.

Қазір әлеуметтік орталықты отбасында зәбір көрген 8 әйел мен 26 бала паналап отыр. Мамандар 4 әйелді жұмысқа орналастырып, балаларын балабақшаға жайғастырған. «Заң мен жаза күшейген сайын зорлық-зомбылық азаяды деген үміт бар», - дейді орталық қызметкерлері.

Ербол Мырзабайұлы дағдарыс орталығының директоры:

- Күннен күнге көбейіп жатыр десек, қателеспейміз. Көбейгенінің себебі де осы зорлық-зомбылық мәселесі бойынша көптеген жұмыстардың атқарылуының нәтижесінде ашылып жатыр, қоғамға таралып жатыр. Бұрында бұндай жағдай болып келді, бірақ көп жағдайда жабулы күйінде қалатын. Қазір жаңа заң күшіне еніп жатыр. Осыдан кейін көптеген өзгерістер болады деген сенімдеміз.

Жаңа заң бойынша 15 заңнамалық акті мен 8 кодекске және 7 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңгерлер бұл ана мен бала құқығын қорғап, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға септігін тигізетін айтады.

Нұркен Естенбеков, Түркістан Қызылорда өңіраралық заңгерлер палатасының мүшесі:

- Қазіргі таңда зорлық-зомбылық отбасылық құқық бұзушылықтар бойынша шағымның қажеті жоқ. Заңбұзушылық анықталса, әрекетіне қарай қозғала береді. Әкімшілік, болмаса қылмыстық жауапкершілікке тарту тәжірибеден алынған нәрселер. 16 жасқа дейінгі балалардың құқығын қорғау қолға алынды. Буллинг, кибербуллинг, өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу, мәжбүрлеу деген сияқтыларға заң нормасы қатаңдатылды.

Жыл басынан бері облыстағы дағдарыс орталықтарына отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған 92 адам орналастырылған. Оның ішінде 34-і әйел, 58-і бала. Мамандар енді ана мен бала құқығына қатысты заңбұзушылықтар азаяды деп отыр. Статистикалық көрсеткішті заң күшіне енгеннен бастап 6 айдан кейін байқауға болатынын айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш