Шетелдегі қазақ балалары Бурабайда бас қосты

Шетелдегі қазақ балалары Бурабайда демалып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Биыл үшінші жыл ұйымдастырылған этнолагерьге жеті мемлекеттен 250-ден астам бала келген. Оларға қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, ұлттық ойындары насихатталады.

Демалуға келген баланың бәрі түрлі байқаудың жүлдегерлері. Өнерлі өрендер бос уақытында осылай домбыра тартып, ән айтады. Оқушылардың дені Ресей, Өзбекстан мен Моңғолиядан келген.

Аллаберген Серікжанұлы, оқушы (Моңғолия):

- Бурабайдағы бұл лагерь маған өте қатты ұнады. Мені таңғалдырғаны мұнда ешқандай шектеу жоқ. Не қалайсың, соның бәрін істей аласың. Тамақтары да дәмді. Бөлмелері мен жатақханасында да барлық жағдай жасалған.

Қазақ даласына алғаш қадам басқан оқушылар таңданысын жасырмайды. Кейбірі тіпті атамекенді аңсап келгенін айтады. Қазір балғындар өзара достасып алған. Болашақта осы достықтарын үзбей, араласып тұруға ниетті.

Ұлжалғас Олжабаева, оқушы (Өзбекстан):

- Атамекеніме келгеніме өте қуаныштымын. «Отандастар қорына» үлкен рахметімізді айтамыз. Барлық бала осы лагерьге келгеніне өте қуанышты.

Демалыс уақытында оқушыларға түрлі сабақ ұйымдастырылады. Әсіресе, Қазақстан тарихына баса көңіл бөлініп отыр. «Оған балалардың да қызығушылығы мен құлшынысы зор», - дейді мамандар.

Мұрат Жәнібек, этнолагерь директоры:

- Балаларға қазақы салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды үйретеміз. Ұлттық ойындар садақ ату, асық ойнау деген сияқты ойындар өтіледі. Балалар атпен серуенге барады. Одан кейін Бурабайдың табиғатына экскурсияға шығады.

Жалпы этникалық қазақ балаларын қолдау тек осымен ғана шектелмейді. Жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан өзге мемлекеттердегі қандастарымызға атамекенінде білім алуы үшін 3 мыңға жуық грант бөлінеді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный