Үкімет басшысы Байқоңыр қаласының даму жоспарымен танысты

Ғарыш аппараттарын экологиялық таза тасымалдағыштармен ұшыру үшін сала мамандары бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрі мәселеге назар аударды, деп хабарлайды 24kz.

Олжас Бектенов «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінде болды. Сондай-ақ Көкарал бөгетін нығайту жұмыстарымен танысты.

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің құрылысын 2028 жылы аяқталуы тиіс. Ал, 2025 жылы алғашқы ұшу сынақтары басталады. Олжас Бектенов монтаждау-сынақ кешенін, сондай-ақ зымыран көлеміне шақталған көлік қондырғыларын қарап шықты. Үкімет басшысы Байқоңыр қаласының даму жоспарымен де танысты. Қала тұрғындарының 70%-і Қазақстан азаматы. Қаланың қарқынды өсуін ескере отырып, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қорын ұлғайту жөніндегі шаралар іске асырылуда.

Қайрат Нұртай, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі:

- Газдандыру мәселесін айта кету керек. Кезінде бұл жерде әр үйдің қасында газдольдер болып жасалған. Ол кезде тұтыну бағасы 600-700 теңге болса, қазір қазақстандық газбен толық қамтамасыз етілді. Қазір 16 теңге түсті. Ресей тарапы жылу орталығын мазуттан біздің газға ауыстырып жатыр.

Олжас Бектенов Көкарал бөгетін нығайту жұмыстарын да саралады. Мамандар Премьер-министрге Қараөзек су қоймасын салудың маңыздылығын баяндады.

Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне сыйымдылығы 775 млн текше метр болатын Қараөзек су қоймасын салу бойынша Қызылорда облысында іске асырылып жатқан жобаны қаржыландыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев