KEGOC электр желісі нысандарын күзгі маусымға дайындап жатыр

KEGOC компаниясы өткен маусымды электр энергиясын тұтынудың рекордтық көрсеткішімен аяқтады, деп хабарлайды 24kz.

Елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы қыс мезгіліне жақсы дайындықпен келген. Соның арқасында электрмен қамту үрдісі қалыпты деңгейде өтті. Жүктемелердің өсуі өткен жылдың желтоқсан айында шарықтап, Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 16,6 гигаваттқа жеткен. Бұл ұлттық энергетикалық жүйенің өндірілетін қуаттылығынан әлдеқайда көп. Компания осы маусымда да шекті мүмкіндіктерде электр энергиясын үздіксіз беруді қамтамасыз етуге дайын екен.

Ұлттық энергооператор электр желісі нысандарын алдағы маусымға дайындап жатыр. Аптап ыстыққа қарамастан жөндеу бригадалары 1 мың 150 киловольтты электр желісіне қызмет көрсетеді. Бұл еліміздегі ең ірі энергетикалық жүйелердің бірі.

Игорь Батулин, «KEGOC» АҚ орталық ЖЭС бастығы:

- Осы учаскеде тұтынушыларды күзгі кезеңде ең жоғары жүктемелермен және сенімді қуат көзімен қамтамасыз ету үшін электр берудің әуе желісіне техникалық қызмет көрсетіледі.

Жөндеу науқаны 1600 шақырым жоғары вольтты электр желілерін қамтиды. Энергетикалық қосалқы станцияларда ауқымды жаңғырту жүріп жатыр. Ұлттық электр желісінде Екібастұз энергия торабының алатын орны бөлек. Қазақстан бойынша электр энергиясының 40%-і осында өндіріледі.

Олег Журавлев, «KEGOC» АҚ «Солтүстік МЭС» филиалы бас инженерінің орынбасары:

- Мұнда жүргізілетін жұмыстар тек осы өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін өте маңызды. Өйткені республиканың барлық өңірлеріне, оның ішінде мемлекетаралық желілерге транзиттер осы жерден кетеді.

Энергетиктердің айтуынша, өткен қыста ұлттық электр желісі сенімділігін көрсетті. Биыл да жөндеу науқанын сапалы атқарып, мерзімінде аяқтау басты меже болып отыр.

Ержан Күдербаев, «KEGOC» АҚ «Солтүстік МЭС» филиалының бас инженері:

- «KEGOC» компаниясында күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары сапалы, толық түрде өтіп, дайындық құжатын алуды жоспарлап отырмыз.

KEGOC компаниясы энергожүйелерінің сапасын арттыруға және теңгерімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүдделі. Ол үшін электр станцияларын қайта қалпына келтіру мен жаңғырту аса маңызды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев