40-қа жуық шаруа Мәжіліс депутаттарынан көмек сұрады
Бірқатар фермер жер учаскелерінен айырылып қалуы мүмкін. 40-қа жуық шаруа мәселелерін көтеріп, Мәжіліс депутаттарынан көмек сұрады, деп хабарлайды 24kz.
Олардың айтуынша, әкімдіктер кезінде мал және өсімдік шаруашылығын дамыту үшін жер берген. Енді оның заңдылығын сотта дәлелдей алмай әлек. Мәселен, Ақмола облысындағы фермерлердің біріне 4 жыл бұрын әкімдік 436 гектар жер берген. Рәсім аукционсыз әрі конкурссыз өткен. Сотта жеңіліп қалған шаруа енді жерді әкімдікке қайтаруға міндетті. Амалы таусылған соң жоғарғы сотқа шағымданбақ. Енді бұл іске Мәжіліс депутаттары араласып, заңға тиісті өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлемекші. Онда фермерлер мен мемлекеттік органдардың пікірін ескеріледі. Ұсыныс жақын күндері Үкіметке жолданады.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Прокуратураның жер комитетіне шығарған қаулысы бар. Құжатта бұл жерлердің әкімдік арқылы заңсыз берілгендігі жазылған. Мысалы шаруаның мың жарым бас жылқысы бар немесе ферма салған делік. Мұнда қаншама адам еңбек етіп, нәпақасын тауып отыр. Бұрынғы әкімнің қандайда бір ереже бұзуына фермердің қаншалықты кінәсі бар?!