Журналист мәртебесін арттырған Заң

Бүгін – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні!

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің міндетін айрықша бағалап, алғы саптағы тілшілерді марапаттады. Жалпы, осы тілшілер қауымы үшін биылғы жылдың ерекше марапаты – масс медиа туралы заң. Оның ішінде талай жылдан бері айтылып келе жатқан БАҚ қызметкерлерінің мәртебесінің айқындалуы һәм заң жүзінде қорғалуы.

Қаламының қуаты халқының қажетіне жараған ақпарат қызметкерлерінің құқығы қорғалу керек. Құжаттың ең басты міндеті осы. Сол үшін заңға "Журналистің ерекше мәртебесі" ұғымы енгізілді. Яғни, жұмыс барысындағы барлық іс-әрекеттер заңмен қорғалады. Қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, бостандығына кепілдік болады. Ақпаратты алу және тарату кезіндегі жеделдігіне құжат жәрдемдеседі.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Қазіргі кезеңде көптеген журналистер табиғи апат болсын, төтенше жағдайларда ақпарат таратуға мәжбүр. Сол кезде әртүрлі техникамен қамтамасыз ету мәселелері нормаларда қаралмаған болатын. Ендігі жерде БАҚ басшысы, редакторлар жіберген журналистінің қауіпсіздігіне жауапты болады. Оларды техникамен қамтамасыз етуге тиісті. Егерде ол журналист зиян шегетін болса, оған моралды және денсаулығына зиян тиетін болса, оған шығынын төлеуге міндетті болып есептеледі.

Сондай-ақ, мемлекеттік мерзімді басылымдармен қатар жеке баспасөздер де басымдыққа ие болады. Яғни, түрлі грандтар беріліп, қолдау көрсетіледі. Бұл бәсекелестікке жол ашады. Осылайша заң сан мен сапаны қатар дамытады.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Заңның негізгі нормалары қазақ тілді контент, әсіресе балалар басылымына, сосын өңрлік, аймақтық дәстүрлі БАҚ газет-журналдарға гранттық негізде қаржыландыру  деген де бірінші рет қолға алынайын деп отыр. Бұл да нарық кезінде қиналған баспасөзге және сол редакцияға қызмет етіп отырған азаматтарға қолайлы жақсылықтар, жеңілдіктер береді деп есептейміз.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі контент те қатаң қадағаланады. Бұл дегеніңіз кез келген адам әр жазба-бейне материалының шынайылығына жауап береді деген сөз. Осылайша қоғамдағы жаңсақ пікір мен жалған ақпараттың таралуына тоқтау болады. Сондай-ақ, этикадан асып, негізсіз тілдейтіндерге тосқауыл қойылады.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Этикалық нормаларды толығырақ сақтауына мүмкіндік жасайтын біздің кәсіби ортадағы арнайы кеңестердің құрылуы осы заң арқылы көрсетіліп отыр. Яғни, республикалық деңгейде емес, аймақтарда, өңірлерде осы кәсіби кеңестердің құрылуы арқылы этикалық нормалардың сақталуына жол ашылады деген ойдамыз.

Заң мемлекеттік тілдің мәртебесін де арттырады. Құжатта телеарналардағы қазақ тілді ақпараттың үлесін 50-ден 60 пайызға арттыру көзделген. Ал шетелдік радио бағдарламалар 10 пайызға дейін азайтылады.

Шернияз Жалғасбекұлы, 24.KZ