Шекара тәртібін бұзғандар жауапқа тартылды

Маңғыстау облысында шекара тәртібін бұзған ер адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Бұл – жыл басынан бері теңіз шекарашылары анықтаған жетінші дерек. Қарулы құрылым озық үлгідегі кемелермен жарақтанған. Экипаж түнде көру құрылғысы арқылы су айдынында бейсауат жүрген қайықты алыстан көре алады.

“Түркістан” – шекара қызметіндегі жаңа кеменің бірі. Жанармай қоры теңізде 7 күн жүзуге жетеді. Жауынгерлік корабль сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүйткиді.

Қырағы көзді шекарашылар биыл түнгі уақытта шекара тәртібін бұзған бір адамды, теңізде қауіпсіздік ережесін сақтамағаны үшін 6 адамды жауапқа тартқан. Каспийден ұзындығы 300 шақырымдай ау-құралды жинап алып, жалпы салмағы 2 мың келі болатын бекіре балығын теңізге қайтарды.

Ерболсын Дүйсенғалиев, "Семсер" шекара кемесінің команда старшинасы:

- Біз мемлекеттік шекараны күзетеміз. Шекарамызды бұзбақ болған шетелдік азаматтарды ұстаймыз. Кейбір кезде олар қашпақшы болады. Оларды қуып ұстап, тиісті жазасын береміз. Бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Соны түсініп, бар ынтаммен қызмет атқарып жатырмын. 

Ал «Семсер» кемесі шекара қызметінің екінші дивизионына тиесілі. Экипаж бірнеше рет контрабанда және браконьерлік деректі анықтады. Заңбұзушылықтың бірі былтыр тіркелді. Шекарашылар теңіз арқылы Ираннан есірткі тасыған күдіктінің жолын кесті. Бұдан бөлек, Каспийдің Қазақстан аумағында балық аулаған Әзербайжан азаматтарын қолға түсірді. 

Жалғас Ықсатов, ҚР ҰҚК шекара қызметі 2-дивизион штурмандық флагман маманы:

- Шекара қызметі толықтай жаңа құрылғылар мен жаңа жабдықтармен жабдықталды. Бүгінгі күні шекара катерін қабылдау жұмыстары жасалып жатыр. Қазіргі таңда ешқандай ұсталынбаған, я болмаса көрініп, ары қарай жазасыз қалған шекара бұзушылар туралы факт тіркелген жоқ. 

Еліміздің теңіз шекара флотында елуден астам әртүрлі мақсаттағы су көлігі бар. Флот құрамы биыл тағы екі кемемен толығады деп күтіліп отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, заңсыз балық аулауға жергілікті тұрғындар да жиі барады. Жыл басынан бері үш адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Талғат Исламұлы, Айбек Байзақов, 24.KZ, Маңғыстау облысы