Жылыту маусымына дайындық басталды
Ақтөбе облысында жылыту маусымына дайындық жұмысы жылдағыдан ерте басталды.
Тозығы жеткен жылу, кәріз-су құбырларын ауыстырудан өзге, өңір бойынша 632 қазандық жөндеуден өтеді. Ал көмір тұтынатын елді мекен тұрғындары үшін тамыздан бастап қатты отын тасымалдау міндеті тұр.
Пәтер иелері кооперативінің басшысы Ерлан Жоламанов алдағы қысқа әзірлікті ерте бастаған. Әбден ескірген ыстық су және жылу желілерін біртіндеп ауыстырып жатыр. Тұрғындардың көмегі арқасында шіріген тұрбалар да жаңартылды. Нәтижесінде, бірлестікке қарайтын 8 үйдің бесеуі қазірдің өзінде жылыту маусымына дайын.
Ерлан Жоламанов, Пәтер иелері кооперативінің жетекшісі:
- Біз бұл іске қаңтардан бастап кірістік. Тұрғындармен жиі жүздесіп, маңыздылығын айттық. Сөйтіп қаржы жинап, кем-кетігімізді түзеп келеміз. Қазірдің өзінде, ескірген жабдықтарды ауыстырып алдық.
Алдағы қыста тұрғындардың жылусыз қалмауы үшін коммуналдық мекемелер де дайындықты күшейткен. Қаланың бірнеше бөлігінде тозығы жеткен жылу және су құбырлары ауыстырылып жатыр. Әрі бұл жұмыстар бюджет қаржысымен емес, мекемелердің инвестициялық бағдарламалары аясында атқарылуда.
Әлихан Такилов, күрделі құрылыс бөлімінің басшысы:
- Инвестициялық бағдарлама бойынша жоспарымыз су желілері 18,6 километр, кәріз-су желілері 3,3 километр және жылу желілері 2,5 километр жоспарлануда. Осы трубалар бәрі тозығы жеткен. Тозуды азайту үшін сол жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазандықтарды да жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Әсіресе, қақаған қыста тұрғындардың шағымын тудыратын бірқатар ықшам аудандардағы қазандықтар да қамтылмақ. Ал көгілдір отын желісіне қосылмаған бюджеттік ұйымдар мен елді мекендер үшін көмір жеткізу тамыздан басталады дейді мамандар. Айтуларынша, қазірдің өзінде теміржол арқылы тасымалдауға келісім жасалған.
Нұртай Сертаев, облыстық энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары:
- Бюджеттік ұйымдар үшін алдағы жылыту маусымына 28 455 тонна көмір және 1 622 тонна дизель отыны қажет. Алдағы жылыту маусымына халық қажеттілігі үшін 21 500 тонна көмір қажет. Тұрғындар үшін тұрмыстық көмір отыны биыл тамыз айынан бастап тасымалданады. Вагондардың келуіне күнделікті мониторинг жасалатын болады.
Облыста жылыту маусымына дайындық барысын әкімдіктер мен тиісті басқарма бақылауға алған. Жөндеу және отын әзірлеу жұмыстарына баса мән беруде.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков, 24.KZ, Ақтөбе