Жұмысына жүрегін арнаған жандар
Бүгін Шерхан Мұртаза тілімен айтқанда: арқалағаны алтын, жегені жантақ журналистердің кәсіби мерекесі.
Бұл күні халықтың тіршілігінен, әлеуметтің әл-ауқатынан, руханият пен қоғам тынысынан хабар беретін тілшілерге сый-құрмет көрсетіледі. Журналист әр сөз үшін құдды зергерше еңбектенсе, титімдей кадр үшін олардан бөлек қаншама маман тер төгеді.
Бұл араның ұясындай үнемі қыз-қыз қайнап жататын жаңалықтар бөлімі. Тап осы жерде қалың көрермен құлағдар болатын ең өзекті ақпарат дайындалады. Журналистің ойлы жүзі мен жүйрік саусақтары - шығармашылық сәттің нақ көрінісі. Бүгін де кәсіби мерекеге қарамай, тілшілер қауымы таңнан қауырт жұмысқа кірісті.
Жасын Біркенов, "24KZ" телеарнасының директоры:
- 24 КЗ арнасының журналисіне жүктелетін міндет - әрдайым 24 сағат аптасына 7 күн байланысты болу деген сөз. Кез келегн уақытта, күн демей түн демей оқиға орнына дер кезінде жетіп , жедел әрі шынайы ақпарат таратып отыруы тиіс. Мысалы биыл Алматыда жер сілкінді. Мынау Батыс және Солтүстік аймақтарда су тасыды. Осы төтенше жағдай орын алған аймақтардан біздің тілшілеріміз жедел ақпарат таратуға тырысты.
Журналист үшін үнемі бір қат дүние бар. Ол - уақыт. Әсіресе телеарнада әрбір секунд алтыннан да қымбат. Оның қадірін аптасына 7 күн, 24 сағат дамылсыз ақпарат таратын 24 кз қызметкерлері жан-тәнімен түйсінеді.
Эльмира Досжанова, 24 KZ телеарнасының режиссері:
- 24 арнасында жауапкершілік маңызды. Эфирді берген кезде бүкіл верстка дейміз ғой. Соның барлығын жүрекпен қабылдап, әр текстіні, журналист қана емес, режисер де қабылдап отырады.
Дарын Сағитов, "24KZ" телеарнасы жаңалықтар бөлімінің бас редакторы:
- Әр сала қалай қарқынды дамып жатса, ақпарат саласы да солай дамып жатыр. Сондықтан толассыз ақпараттар кезінде журналистке жүктелген жүк ауыр. Неге ауыр? Себебі қазір журналист көрерменге болсын, оқырманға болсын, нақтиы дәлелденген ақпаратты ұсына білуі керек. Журналистерге әсіресе жаңадан келіп жатқан - ізденіс керек.
Көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан ақпарат ағынында ең өзектісін екшеп алып, жедел бұқараға жеткізу - қалам ұстаған қауымның басты міндеті. Әр айтылған сөздің атан түйеге артар салмағы барын да жете біледі. Жауапкершілігі зор, еңбегі тынымсыз. Кейде тіпті жеке бастың шаруасын сырып қойып, өзгенің өмірі үшін шыр-пыр болып жүретін де осы адамгершілік иелері.
БЛИЦ:
Нұрқанат Қанапия, тілші
- Менің жұмысым бала кезден қалаған жұмыс қой. Бала кезден армандадым журналист болсам деп, қалап, 4 жыл оқып, практикада болып өз жұмысымды атқарып жатцырмын енді. Сол жұмысым орындалып жатса, кәсідімгідей марқайып, үлкен ләззат аламын.
Әлішер Әли, тілші
- Әрине таңертең құлшыныспен келіп, құлшыныспен қайтамын. Сюжет берген кезде күшті бір сезім болады.
Бекзат Аманов тілші
- Өз мамандығымды жақсы көрудің себебі көп.Біріншіден, әрдайым маңызды оқиғалардың алдында жүру. Елге қажет ақпаратты жеткізу. Оның үстіне сіз Президент сапарынан ақпарат таратасыз. Иә. Өз жұмысыңыздан шаршағанда не істейсіз? Ұйықтаймын.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Ең алдымен көрермен алдындағы жауапкершілікті талап ететін маңызды қызмет деп ойлаймын. Өтйкені біз билік пен халық арасындағы жалғастырушы көпірміз. Бұл ойлап қарасаңыз, өте маңызды әрі жауапты. Сондықтан қызметімізге адал болуға тырысамыз.
Айнұр Қуат, тілші:
- Қыз баласына журналист болу қиын ба? Иә, негізінен қиын. Өйткені журналистикада ер адам, әйел адам деп бөлінбейді. Осы салада жүріп тұрмысқа шықтым, осы салада жүріп балалы шағалы болдым. Қиын сәттер болады, өйткені жаңалықтың бәрін жүректен өткізім барып халыққа жеткізеің ғой.
Иә, олардың әрқайсы мамандығына жүрегін арнаған жандар. Сондықтан кәсіби мерекеде медиа саласының өкілдері нендей құрметке де лайық. Ең басты алғыс - елдің батасы деп білетін ұжымның ерен еңбегін Мемлекет басшысы да жоғары бағалады.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ деп жатамыз. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салаға көлденең көк аттылар келмейді. Ал ақпарат майданы шын мықтыларды ғана шынықтырып, ширықтырады.
Мереке құтты болсын!
Назерке Тоқжан, Жарқын Өрден
Назерке Тоқжан, Жарқын Өрден, 24.KZ