Жылу электр орталығы салынып жатыр
Ел экономикасы қарқынды дамып, жаңа кәсіпорындар іске қосылған сайын энергияның қосымша көздерін көбейту қажет.
Қызылорда облысындағы жылу электр орталығының құрылысын көрген Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді.
Үкімет басшысы шыны зауытына барып, инвестициялық жобаның бүгінгі қарқынымен танысты. Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуын тексерді. Аталған өндіріс аясында шыны кластерін құру жоспарланып отыр.
Қызылордадағы жылу электр орталығы 60 жыл бұрын салынған. Құрылғыларының 75 пайызы тозып тұр. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне үш мыңға жуық нысан, оның ішінде 800-ден астам көппәтерлі үй қосылған. Өңірде қазір жаңа жылу электр орталығы салынып жатыр. Инвестор жобаны іске асыруға 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды.
Премьер-Министрге ауқымды энергетикалық жобаның құрылыс барысы баяндалды.
Медет Усаин, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Жобаның жалпы құны 215 миллиард теңгені құрайды. Жаңа жылу электр орталығының қуаты 240 мегаватт электр энергиясын шығарса, 277 гекокалория жылу энергиясын шығаратын болады. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүруде. Жоспар бойынша ЖЭО 2025 жылдың тамыз айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
«Жаңа жылу электр орталығының құрылысы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Оның іске қосылуы оңтүстік өңірлердегі электр энергиясының жүктемесін тұрақтандыруға және тұтастай алғанда еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға оң әсерін тигізеді»,- деп атап өтті Премьер-Министр. Қызылорда қаласы елеміздегі ыстық сумен қамтылмаған санаулы қаланың бірі. Президент қойған міндетті іске асыру шеңберінде биыл Үкімет резервінен 11 млрд теңге, ал қалалық қазандықтарды жөндеуге тағы 2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бағытталды. Қабылданып жатқан шаралар жылу трассаларының тозуын 42 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Өңдеу саласында өсім бар
Қызылорда облысы өңдеу саласында көш бастап тұр. Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Премьер-Министрге өңірдегі өнеркәсіптің дамуы туралы баяндады.
Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары:
- Бес айдың осы жылдың қорытындысын қарайтын болсақ, 6,3 пайызға ұлғайып, өндірілген өнеркәсіптегі заттардың қазіргі көлемі 431 миллиард теңгені құрап отыр. Егер өңдеу өнеркәсібін қарайтын болсақ, ол жерде де оң динамика қалыптасып, 43,5 пайызға ұлғайып, қазіргі таңда 144 миллиард теңгені құрады.
Шыны зауытының іске қосылуы өңір дамуына айрықша серпін берді. Қазір бұл өндіріс аясында шыны кластерін құру жұмыстары басталды. Кәсіпорын іске қосылғалы 20 млн шаршы метрден астам шыны табағын өндірген. Оның құны 27 миллиард теңгеден асты.
Хан Ли Джун, "ORDA GLASS LTD" ЖШС бас директоры:
- 2022 жылы қыркүйек айында Қызылорда облысында шыны өнімдері өндірісі іске қосылды. Жобаның қуаты жылына 197 мың тонна өнім. 2023 жылы кәсіпорын шыны өнімдерін толық шығара бастады. Былтыр күміспен қапталған шыны өндірісінің бірінші желісін енгізуге тағы $15 млн инвестиция салды.Күміс жалатылған шыны және шыны өнімдерін шығаратын компания алдағы уақытта Орталық Азия елдерінің қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады деп күтіліп отыр.
Олжас Бектенов Қазақстан экономикасы үшін маңызды жобаларға қаражат салуға дайын инвесторларға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев, 24.KZ, Қызылорда облысы