Медиа майталмандары марапатталды

Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады.

Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес. Сала мамандарын құттықтау рәсімінде Мемлекет басшысы осылай деген еді. Шынында да, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналған БАҚ өкілдерінің еңбегі ерлікпен пара пар. Бүгін бірқатар медиа мамандары марапат төрінен көрінді.

Бүгін БАҚ өкілдерінің ресми мерекесі. Бұл күні сала майталмандарының еңбегі еленіп, кәсіби қызметтерінің маңыздылығы айшықталады. Сол себепті мерейлі мезетте ақпарат қызметкерлері Қазмедиада бас қосты. Жиында бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сондай-ақ, бұқара мен билік арасындағы алтын көпірдің һәм халықтың тілі мен құлағына айналған ақпарат саласының елеулі сәттері сөз болды.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - Президенттің баспасөз хатшысы:
- Мемлекет басшысы үнемі бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан материалдарға назар аударып, газеттерді оқып, телевидениені қарап, сайттарға көз жүгіртіп отырады. Оның барлығын өзінің назарында ұстайды. Арнайы тапсырмалар беріп, соның шешу жолдарын көрсетіп жатады. Сол себепті сіздердің қоғамдағы рөлдеріңіз зор. Нақты төртінші билік өкілі екендеріңізді осы кезде дәлелдеп жүрсіздер.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Сіздер арқылы қоғамдағы барлық көкейтесті мәселелер жалпы жарияланып, мемлекеттік органдардың жұмысын белсендетуге, жақсартуға септігін тигізіп жатқаны анық. Сондықтан осы маңызды еңбектеріңізге творчествалық табыс тілеймін.

Алдымен марапат мінберіне ақпарат саласының ардагерлері көтерілді. Өнегелі өмір жолын медиаға арнаған ақсақалдар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, Құрмет орденімен наградталды. Олар өткен мен бүгіннің куәсі. Сондықтан, уақытқа шегініс жасап, естеліктерімен бөлісті. Кейінгі буынға көңілдері толатынын жеткізді.

Ағабек Қазанбай, ақпарат саласының ардагері:
- Біздің кезімізде аналогты лавтоп деген болатын. Сол лавтоппен монтаждаймыз. Сапасы да онша болмайтын. Қазір міне цифрландырылған фотоаппаратпен түсірілім жасап жатыр. Видеокамералардың бәрі цифрландырылған. Қазір барлығы жеңілденіп кетті, өте жеңіл қазір. Жаңалықтар қызметі болсын, қандай түсірілім болсын дер кезінде эфирге беруге ыңғайлы.

Медиа мамандар  "Ерең еңбегі үшін", "Шапағат" медалімен және Президент алғысымен, ведомстволық наградалармен  марапатталды.  Сондай-ақ, жиында жаңадан қабылданған масс медиа туралы заң да сөз болды. Ақпарат  қызметкерлері құжатты кәсіби мереке аясында салаға серпіліс берген қолдау болды деп бағалады.

Сәдібек Түгел, ақпарат саласының ардагері:
- Ел Президентіне мыңда бір алғыс айтамын. Мына журналистикаға өте қозғау салды. Журналистика деген не ол? БАҚ бұл қоғамның үні, халықтың бағы болу керек мінекей. Сол тұрғыда мына масс медиа туралы қабылданған заң. Бізге өте керек, өтпелі кезеңде. Бүгінгі мереке бүкіл халықтық мереке. Өйткені журналистер кім? Журналистер халықтың өкілі.

Қатысушылар жиын соңында естелік суретке түсіп, алдағы бұқаралық ақпарат құралдарының бүгіні мен болашағы жайлы өзара пікір алмасты. Яғни салтанатты шара марапатпен ғана шектелмеді, келелі кеңеске де айнала білді. Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ерлан Наурызбаев