Астанада БАҚ саласындағы 67 адамға пәтер берді
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілтін табыстау рәсімі биыл да жалғасын тапты.
67 медиа саласының өкілі баспаналы болды. Олардың дені көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар.
Көптен күткен қоныс тойын тойлайтындардың қатарында телеарна қызметкерлері де бар.
Жүздері бал-бұл жайнаған әріптестерім үшін бүгін ұмытылмас күн. Олар көптен күткен пәтер кілттерін иеленді. Тек эфир тізгіндеп, көзі қарақты көрерменге танылған журналистер ғана емес, кадрдан тыс қызмет ететін мамандардың да еңбегі еленді. Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли, БАҚ өкілдерін құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:
- Ең бастысы, біз бұл жолы біз әдейі әріптестеріміздің әлеуметтік жағына назар аудардық. Ең бастысы, әріптестеріміздің бүгін пәтер кілттеріне ие болатындар – 21 көпбалалы отбасы. 5 жалғызбасты ана. 6 әріптесіміз ол жатақханада тұратын отбасылар. Және 11 отбасының үйінде мүмкіндігі шектеулі не баласы, не жұбайы бар отбасылардың санатына жататындар.
Бұған дейін журналистердің арнайы мәртебесі болмаған. Соның салдарынан төртінші билік өкілдері, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмады. Осыны ескеріп, Президент БАҚ қызметкерлерінің сүбелі еңбегін айрықша бағалап, үймен қамтамасыз етуге пәрмен берді. Былтыр 65 маман баспаналы болса, биыл 67 адам қоныс тойын тойлайды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Мемлекет сол бағыттың ең бірінші кепілі ол әр адамның басындағы шаңырағы екенін түсінеді. Президентіміз осыдан бірнеше жыл бір миллион үш жүз адамның үй жағдайын жақсартуға үш триллионнан астам қаражат бөлді.
Президент бастамасын жүзеге асыруға «Дара» қоры атсалысып келеді. Мекеме басшысы БАҚ өкілдеріне құрметі ерекше екенін жеткізді.
Әсел Шілдебаева, «Дара» қорының президенті:
- Халқымызды, елімізді жер жүзіне көтеретін журналист мамандар. Сондықтан қаламдарыңыз шаршамасын, өздеріңіз шаршамаңыз. Жұмыстарыңыз әрдайым осындай биіктен көрінетін болсын.
Пәтерлі болғандардың қатарында әріптесіміз Кира Каниболодская да бар. Жаңалықтар жүргізушісі ұлын жалғыз тәрбиелеп отыр.
Кира Каниболодская, «Хабар» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі:
- Мен ерекше баланың анасымын. Бұл қажырлы еңбекті талап ететін ауыр сынақ. Жағдайымызға Президенттің назар аударғаны қуантады. Енді біздің өз баспанамыз бар.
Биыл алғаш рет үш бөлмелі пәтер кілттері де табысталды. Сол баспаналардың бірі 4 баланың әкесі әріптесіміз Талғат Серікқалиұлына бұйырды. Ол 24 KZ арнасының шымылдығын түрген білікті маман.
Талғат Серікқалиұлы, «Хабар» агенттігі өңірлік тілшілер желісі департаментінің редакторы:
- Мемлекет басшысының тарапынан, министрліктің тарапынан үлкен қолдау деп есептейміз. Агенттік басшысының тарапынан. Бүгін енді өзіміздің «Хабар» агенттігінің қарап отырсақ, әріптестердің арасында біз сияқты көпбалалы отбасылар, көптен жұмыс істеп келе жатқан тек қана журналистер ғана емес, эфирге шығатын дыбыс режиссерлері, техникалық қызметкерлер де, барлығы алып жатыр. Барлығының қуанышына біз ортақпыз.
Жанна Ахмадиева, «Хабар» Агенттігі техникалық дирекциясының жетекші инженері:
- Мен өте қуаныштымын. Телевидение саласында жұмыс істеп жүргеніме 25 жыл, «Хабар» Агенттігіне жұмыс істеп жүргеніме 22 жыл болды. Осылай еңбегім бағаланып, бүгін осындай пәтердің иегері атанып отырғаныма мен өте қуаныштымын.
Қоныс тойын тойлайтын БАҚ қызмкеткерлерінің қатары алдағы уақытта арта түспек. Игі дәстүр келер жылы да жалғасын табады.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ерлан Наурызбаев