ҚХА өкілдері Қостанай облысында судан зардап шеккен отбасыға пәтер алып берді
Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен тағы бір отбасы қоныс тойын тойлады.
Игі шараға Қазақстан халқы ассамблеясының "Жүректен жүрекке" акциясы сеп болды. Биыл оның аясында 6 отбасыға жаңа пәтер сатып алынады.
Қарасу ауданына қарасты Шығыс ауылының тұрғыны Анна Косолапованың қуанышында шек жоқ. Бірер ай бұрын оның жалдамалы үйін су басып, бес баласымен баспанасыз қалған еді. Қарғын судан ескі үйінің қабырғасы қопсып, тұруға жарамсыз деп таңылған. Міне, көп ұзамай көпбалалы ананың арманы орындалды.
Анна Косолапова, Шығыс ауылының тұрғыны:
- Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек сезіну керек. Бес баламның несібесі деп білемі. Алғысым шексіз.
Осыған дейін ассамблея мүшелері Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы бір отбасыға жаңа пәтер сатып әперген. Игі-шараны Батыс Қазақстан облысында жалғастыруды көздеп отыр.
Рафик Ягубович, ҚХА қорының басшысы:
- Біздің бұл жұмысымыз әрі қарай жалғасады. Алда Атырау, Ақтау облыстарын қамтуды көздеп отырмыз. Биыл бірінші кезең бойынша 6 отбасыға баспана беру жоспарланған. Оның ішінде екеуі осы Қостанай облысының үлесінде.
Мұхтар Құлжанов, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының инспекторы:
- Біріншіден жағдайы қиын семья болу қажет. Екінші көп балалы аналар. Осы семьяда мүгедек балалар бар семьяларға. Оның ішінде құжаттармен мәселелері бар жанұяларға. Енді олар мемлекеттен пәтер алу қиындық туғызғандықтан біздің Қазақстан Халық Ассамблеясы көмегі өте орынды болды деп ойламын.
Жалпы, Қостанай облысында осы уақытқа дейін 303 адамға жаңа пәтер сатып алынды. 812 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұлан бөлек 150-ден астам тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Жақын арада ел игілігіне беріледі,-дейді мамандар.
Абзал Балтабаев, Мағауия Қалиев