СҚО-да тасқын кезінде бүлінген 2000 үй жөнделеді
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде бүлінген 2 мыңға жуық үй жөнделеді, деп хабарлайды 24kz.
Үй иесіне жөндеу жұмыстары үшін өтемақы төленіп жатыр. Бұл жұмыстар ауылдарда қалай жүруде?
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Светлана Корабовцева Большая Малышка ауылындағы екі пәтерлі жер үйде тұрады. Биыл оның баспанасын су басып қалды. Техникалық тексерістен кейін ол тұруға жарамды деп танылып, жөндеу жұмыстарына өтемақы тағайындалды.
Светлана Корабовцева, Большая Малышка ауылының тұрғыны:
- Сарапшылар үй жөндеуге жарайды деді. Жақсы, оған келістік. Бірақ 5 млн 200 мың теңге дегенде таң қалдым. Өйткені қабырғалас көршіме 7,5 млн теңге беріп жатыр. Үйіміз бір.
Большая Малышка ауылы түгел дерлік суға кетті. Табиғи апаттан 337 үйдің небәрі он алтысы ғана сау қалған. Қазір техникалық тексеріс аяқталып, қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.
Владимир Рудер, Берёзов ауылдық округінің әкімі:
- Қазір Большая Малышка ауылында 68 үй апатты деп танылды. Ол тұрғындарға аудан бойынша үй сатып алынады. Кейбір адамдар комиссия шешімімен келіспей жатыр. Олардың жағдайы қайта қаралады.
Қазір облыс бойынша 700 үй жөнделіп жатыр. Бұл жұмысқа әр ауданнан құрылған арнайы бригадалар жұмылдырылған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков