Биыл Қарағанды облысында 160 мың оқушы лагерьге барады
Биыл Қарағанды облысында мектеп жасындағы балалардың 94%-і жазғы лагермен қамтылған, деп хабарлайды 24kz.
Балаларға арналған демалыс орындарының материалдық-техникалық базасын, қауіпсіздігін жақсартуға да күш салынып отыр. Мақсат – оқушылардың жазғы уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Бұл – өңірдегі ең үлкен «Салют» балалар лагері. Қала сыртында орналасқан демалыс орыны биылғы маусымда 1500-ден астам оқушыны қабылдайды. Мұнда балалар түрлі спорттық және өнер үйірмелеріне қатысады. Күніне 5 мезгіл тамақтанады. Табиғат аясына жиі серуендеуге шығады.
Назым Игібаева, Қарағанды қаласы №12 мектептің оқушысы:
- Күндер тез өтеді. Барлығы күшті болып жатыр. Бірінші келгенде кішкене ұялдым. Адамдардан ұялдым. Бірақ біздің вожатыйларымыз жақсы, ойнатады, ұрыспайды, түсіндіреді барлығын.
Әр лагерь ерекше оқыту әдістемесін таңдап алған. Бірақ барлығында ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталып, балалардың бойына патриоттық сезімді сіңіруге басымдық берілген. Жалпы облыс бойынша мектеп жанынан 900-ге жуық, ал қала сыртынан 8 лагерь ашылған. Оларда бірінші кезекте қауіпсіздікке баса мән берілген. Демалыс орындарында арнайы патрульді күзет жұмыс істейді. Биыл лагерьлердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту да қолға алынған.
Аруна Мұқашева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Осы жаз маусымына 423 миллион теңге қарастырылған. Оның 200 миллион теңгесі осы қала сыртындағы лагерьлердің күрделі, ағымдағы жөндеуіне, материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталған. Осы қала сыртындағы 8 лагерь мен киіз үйлі лагерьде 7 мың оқушы демалады.
Жалпы облыс төңірегіндегі лагерьлерде жаз бойы 160 мыңдай оқушы демалады деп жоспарланған. Өңірде тұңғыш рет Теміртауда IT лагерь ашылды. Ал, Ақтоғай ауданында киіз үйлер тігіліп, балалардың санасына ұлттық танымды сіңіруді мақсат еткен демалыс орны өз жұмысын бастады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар