СҚО-да биыл 38 медициналық нысан салынады

Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» атты ұлттық жобаның аясында 46 емдеу мекемесін салу жоспарланған, деп хабарлайды 24kz.

Оның 8-і былтыр салынған болса, биыл 38 емдеу мекемесінің құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстары қашан аяқталады?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Дәрігерлік амбулаторияның біреуі Прибрежное ауылында салынды. Бұл – Петропавлдың жанындағы елді мекен. Медициналық нысанның құрылысына 450 млн теңге жұмсалды. Енді дәрігерлер науқастарды жаңа ғимаратта қабылдайды.

Данияр Балтабаев, Прибрежное ауылының дәрігерлік амбулаториясының фельдшері:

- Бұл нысанды жергілікті тұрғындар 7 жыл күтті. Өйткені бұрынғы фельдшерлік-акушерлік пункт әбден ескірген. Санитарлық талаптарға сай келмейтін. Ал, қазір бәрі жаңа. Тіс дәрігері, акушерлік, физиотерапевтік және зертханалық кабинеттер бар.

Бұл нысан 5 ауылдың 5 мың тұрғынына қызмет көрсетеді. Жалпы облыс ауылдарында ұлттық жоба аясында салынатын медициналық нысандардың сапасы қатаң бақылауда. Оның сегізі былтыр, ал қалғаны биыл тапсырылады.

Нұрболат Иманжанов, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- 46 ауылда 5 дәрігерлік амбулатория, 19 фельдшерлік-акушерлік және 23 медициналық пункт салынады. Қазір мердігер ұйымдармен келісімшарт жасалған. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, бұл ауылдағы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Нысандар барлық қызмет түрімен қамтылады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков