Ақтөбедегі ерекше музейді бұзақылар қиратып жатыр

Вандализм – қоғам дерті. Елімізде баламасы жоқ музейді бұзақылар қиратып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Ақтөбедегі ұшақтар саяжайындағы әуе көліктері күн өткен сайын құрып барады. Бір айта кетерлігі, шаһардың қақ төрінде орналасқан демалыс орны әлі қолданысқа берілмеген. Алаңды абаттандыру жұмыстары аяқталған жоқ.

Қаз-қатар тізілген ұшақтар мен тікұшаққа балалар асық. Саябақ қақпасының жабық тұрғанына қарамастан саңылау тауып, серуендеуге келетіндер көп. Анасы мен қарындасын ертіп келген Ернұр Жолдығали де әуе көліктерін тамашалап, есігі ашық аппараттарға мініп көріп жүр.

Ернұр Жолдығали, оқушы:

- Тікұшақ ұнады. Мен келесі демалыста осында келетін боламын. Ұшақты жақыннан көрген өте керемет. Ұшқыш болғым келеді.

Алайда, бұл саябаққа арман қуған бүлдіршіндерден бөлек бейбас балалар да жиі келеді. Вандалдар ұшақтардың терезесін сындырып, сыртын шимайлап кеткен. Демалыс орнында құрылыс аяқталмай жатып-ақ қирай бастады.

Блиц 1:

- Жақсы парк. Демалуға жақсы. Бірақ енді терезелерін сындыру шектен шығу ғой енді. Ол жақты енді күзету керек деп ойлаймын.

Блиц 2:

- Менің ойымша, вандалдар бүкіл жерде болады. Бірақ оны қадағалайтын бір адам керек болады. Себебі оны жауып қойғаннан да пайда жоқ. Оны ашық етіп халыққа көрсеткендіктен оны халық біледі де, жауып қойса да, қайта-қайта барып суретке түседі. Сол себепті қадағалайтын адам керек деп ойлаймын.

Блиц 3:

- Балаларға жақсы болды парктың ашылғаны. Бізде мұндай бұрын-соңды болмаған. Көрмейтінбіз. Бәрі жақсы, келіп тұрамыз. Балаларға қызық қой. Ұшақтарды күтіп ұстау керек. Айналасын ластамай, таза ұстаса жақсы болады.

Бұрын Әуе Қорғаныс күштері әскери институтының оқу-жаттығу алаңы болған саябақ 2022 жылы қала әкімдігінің қарамағына өтті. Жергілікті билік демалыс орнын ашу мақсатында мемлекеттік сатып алу ұйымдастырып, мердігермен шарт жасасады. Алаңды абаттандырып, ескі әуе көліктерінің қасбетін жөндеу жүктеледі. Бұл жұмыстарға 133 млн теңге қаржы бөлінген. Және былтыр күзде тәмәм болуы тиіс еді. Алайда жарты жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан, аспан астындағы музейдің қақпасы ашыла қойған жоқ.

Талғат Наурызов, қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің жауапты маманы:

- Мердігер мекемеге келісімшартта көзделген, көрсетілген міндеттемелерді толық аяқтамауына байланысты келісімшартты бұзатындығымыз туралы хабарлама жолданды. Қазіргі таңда саябақ жұмыс жасамайды. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін саябақтың ашылатындығын хабарлаймыз.

Әкімдік мердігерді сотқа беріп, заң алдында жауапқа тартуды жоспарлап отыр. Жөндеу жұмыстарына басқа мекеме жұмылдырылады. Ал, қараусыз тұрған ұшақтардың қаскөйлер қиратқан жерлерін әскери институт мамандары жамап-жасқап жүр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов