Семейде саябақтағы теміржол жаңғыртылады

Семейдегі «Бейбітшілік аралы» саябағындағы теміржол жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бір мезетте 100 бала саябақты пойызбен аралайтын болады. Теміржолдың жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайды.

Саябақта алғашқы теміржол 1979 жылы салынды. Ол кезде ұзындығы 5 шақырым болатын. Қаланың байырғы тұрғыны Анар Кәбиева осыдан 30 жыл бұрын пойызбен саябақты аралайтынбыз деп еске алады. «Бұл жолдың қайта жаңғырып жатқанына қуаныштымыз», - дейді.

Анар Кәбиева, қала тұрғыны:

- Біздің балаларға жақсы болушы еді.Оны қайталап жасап, сосын немерелерімізді әкеліп, өзіміз де еске алар едік. Семейімізде жолдар жасалып, көркейіп жатыр. Облыс болдық. Енді балаларымызға көбірек осындай орталықтар ашу керек. Қуанып жатырмыз. Жақсылық болсын.

Жұмысшылар «Бейбітшілік аралы» саябағының аумағын тазартып, теміржол салуға дайындап жатыр. 80-ге жуық адам мен 10 техника жұмылдырылған

Даниал Жұманов , жұмысшы:

- Біз аумақты қоқыс пен қураған ағаштардан тазартып жатырмыз. Екі ауысымда жұмыс істейміз. Бастысы, саябақ маңында жайқалып өсіп тұрған ағаштарды сақтап қалуымыз керек. Бұл жер көпшілікті таңқалдыратындай әдемі әрі таза болуы тиіс.

Биыл құрылысы басталған теміржолдың ұзындығы 2 шақырым болады. Семейге арнайы тапсырыспен үш вагон әкелінді.

Геннадий Пьянов, мердігер мекеме өкілі:

- Жоба қала тұрғындарын қызықтыратыны сөзсіз. Бұл теміржолды аға буын өкілдері жақсы біледі. Оның қайта жаңғырып жатқаны жақсы деп ойлаймын. Қазір аумақты тазартып жатырмыз. Тек содан кейін теміржол салынады.

Мердігер ұйым құрылысты жаздың соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Жоба бойынша бірнеше станция болады деп жоспарланған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов