Таразда түрмеден шартты түрде босаған әйелдер жұмыспен қамтылды

Таразда түзету мекемесінен шартты түрде босаған әйелдер су басқан аймаққа көмектесіп жатыр.

Олар төсек жабдықтары мен арнайы киімдерді тігіп сонда жібермек. Жоба аймақ прокурорлары мен Қылмыстық атқару департаменті мамандарының бастамасымен қолға алынды.

Аида Байомарова 2 ай бұрын шартты түрде түзету мекемесінен шықты. Содан бері жұмыс таппағанын, тапса да сотты болғаны үшін еш жердің алмағанын айтады. Бірақ бір апта бұрын прокуратура өкілдері хабарласып тігін фабрикасына жұмысқа шақырған. 

Аида Байомарова, қала тұрғыны:

- Өмірге деген құштарлығымызды ашты. Біз кәдімгідей шетте қалып қалғандай болдық. Жұмыс таба алмай да жүрдік. Қазіргі таңда мен 4 баланың анасымын. Маған бұл үлкен көмек болды. Үлкен мақсатым бар жеке кәсіп иесі болғым келеді. Елімізге үлкен үлесімді қосқым келеді.

Тігін цехында абақтыдан босаған 10 әйел жұмыспен қамтылды. Олар алдымен 2 апта оқудан өтіп, қазір толыққанды жұмысқа кіріскен. Тұрақты жалақы төленеді. Ал қолынан шыққан төсек-жабдықтары мен арнайы киімдер апат болған аймақтарға жіберіледі. 

Өсер Арынтаев, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:

- Бір жағынан зардап шеккен облыстарға көмек ретінде болса, екінші жағынан есепте тұрған азаматтарға жұмыс және қоғамға бейімдеу. Қоғамда өзін пайдалы екенін сезінсе, ол бір жағынан өзінің күнделікті нанына ақшасын тауып тұрса, ол екінші рет қылмыс жасайды деп ойламаймын. 

Облыс бойынша пробация қызметінің тізімінде 1600-ге жуық азамат есепте тұрса, оның 1400-ге жуығы жұмыспен қамтылған. Жауаптылардың сөзінше, жеке кәсіп бастаймын дегендерге де мемлекеттен қолдау бар.

Ғалымжан Әбдіразақов, ҚАЖ департаменті пробация қызметінің бөлім бастығы:

- Қайтарымсыз грант ретінде 1 млн 250 мың теңге шамасында, сонымен қатар мемлекеттің тарапынан өздерінің кәсібін ашатын болса, өзінің жеке тұрғын жайы болса кепілге қойып 2,5 пайыздық несие алып өзінің қора жайы болса мал асырауға, соны көбейтіп сөйтіп өзінің кәсібін ашуға жеңілдіктер қарастырылған мемлекет тарапынан. 

Соңғы 3 жылда абақтыдан шыққан 19 адам қайтарымсыз грант алып өз кәсібін ашты. Тағы алтауы төмен пайызбен несие алған. Сондықтан өз кәсібіңді бастап, өмірден өз жолыңды табу ешқашан кеш емес, - дейді Қылмыстық атқару департаментінің мамандары. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә