Текеліде баспана құрылысы қарқын алды

Текелі моноқалашығында көп пәтерлі үйлердің құрылыс қарқыны үш жарым есе артқан.

Мәселен, былтыр баспана кезегінде тұрғандардың 40-ы баспаналы болса, биыл 140 отбасы қоныс тойын тойламақ. Қазір қалада үш көп қабатты және 30 екі пәтерлі үйлер салынып жатыр.

Текелінің орталығындағы 60 пәтерлі үй несие арқылы берілетін бағдарлама аясында бой көтеріп жатыр. Бүгінде мұнда құрылыс жұмысының 70 проценті аяқталған. Жаз соңында толық дайын болады. Ал Қора көшесіндегі жалдамалы үй қазірдің өзінде қоныстанушыларды қабылдауға әзір.

Әлібек Ащанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бүгінгі таңда 1025 адам кезекте тұр. Оның ішінде бөліп айтатын болсақ, жетім балалар санаты бойынша 122 адам, көп балалы отбасылар 151 адам, әлеуметтік жағынан осал топтар 452 адам және бюджеттік сала қызметкері 300 адам.

Жаңа баспанаға қол жеткізу Эльвира Көшерованың да арманы. Көп балалы ананың тар пәтерді жалдап жүргеніне біраз жыл болған. 

Эльвира Көшерова, Текелі қаласының тұрғыны:

- Мен осы пәтерді жалдап тұрамын, екі бөлмелі пәтер. Тұрғын үй кезегінде көп балалы отбасы ретінде кезекте тұрмын. Бұйырса, осы салынып жатқан үйлер бұйырып қалады деген ойдамын. 

Былтыр кеншілер қаласында бар болғаны 40 баспана берілді. Ал биыл олардың саны үш жарым есе көп болады дейді әкімдік қызметкерлері. 

Рүстем Белдібеков, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта бюджеттен миллиардтан астам теңге бөлінді. Текелі қаласында 30 екібасты үй салынып жатыр. Салынып болғаннан кейін мемлекет осы үйлерді сатып алады. Сатып алғаннан кейін аз қамтылған семьяларға бөлінеді.  

Жалпылай алғанда жыл соңына дейін Текелінің 140 тұрғыны қоныс тойын тойламақ. Ал Жетісу облысы бойынша өткен алты айда 83 жарым мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Гүлнұр Жантасова, Олжас Байбосынов