Балқаш әуежайы қайта жаңғырады

Балқашқа жыл сайын 90 мыңнан астам турист келеді. Демалушыларды титықтататыны жолдың қашықтығы.

Осыған байланысты әуе қатынасын жақсартуға күш салынып отыр. Биыл қаланың әуежайына күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Жыл соңына дейін негізгі ғимараты, қосымша нысандар, ұшу алаңы күрделі жөндеуден өтеді. Жоба құны 3 миллиард теңгеден астам.

Мырза Нұрсекеев, жоба жетекшісі:

- Жұмысқа 40 техника жұмылдырылған. 80 адам құрылыс басында жүр. Бүгінгі таңда жерін дайындау жұмыстары бітті. Қазір ұшу алаңына бетон төсеп жатырмыз.

Құрылыс жұмыстары біткен соң әуежайда жаңа бағыттар бойынша әуе рейстері ашылады. Қазір тек аптасына 4 мәрте Алматы-Балқаш-Астана бағыты бойынша ғана ұшақ қатынайды. Соңғы 3 жылда қалаға келетін туристер саны 30 пайызға көбейген. Мамандар биыл да шамамен 100 мың адам келеді деп болжайды.

Мейрамбек Мырзахметов, Балқаш әуежайының басшысы:

- Жылдың аяғына дейін 18 мың жолаушы ұшатын болса, келесі жылы осы күрделі жөндеу өткізілген соң 60 мыңға дейін жолаушыларды тасымалдаймыз. Көп бағыттар ашылады. Субсидияланған ерйстер қосылады.

Балқаш әуежайының инфрақұрылымын жаңарту қала мен туристік аймақты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл әуежай 1967 жылы салынған. Онда жөндеу жұмысы тек 2007 жылы жүргізілген.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар, 24.KZ, Қарағанды облысы