Жерасты өткелдері қараусыз қалды
Орал қаласының билігі жерасты өткелдерін сенімгерлік басқаруға бергісі келеді.
Алайда, кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоқ. Қазір қаладағы 5 өткелдің біреуі ғана жұмыс істейді. Қалғаны апаттық жағдайда тұр. Бұл іске кәсіп иелері неге қызықпайды? Мәселе қалай шешіледі?
Мәншүк Мәметова атындағы көшенің жерасты өткелінен бұрын адам аяғы үзілмейтін. Қазір апаттық жағдайда, қараусыз қалған.
БЛИЦ:
- Кезінде осы өткелмен жиі жүретінбіз. Қазіргі жағдайы мәз емес. Іші қоқысқа толы әрі лас. Қазір бұл жермен ешкім жүрмейді.
- Түсіп көрсеңіздер болады. Ішінен шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады. Балалар үшін қауіпті деп ойлаймын.
- Бұл өткелден адам өткенін көрмеппін. Көбі жолдың ар жағына белгіленбеген жерден жүгіріп өтіп жатады.
Бірнеше жыл бұрын әкімдік жерасты өткелдерін сенімгерлік басқаруға берді. Кәсіпкерлер нысанды күтіп ұстауы тиіс еді. Алайда апатты жағдайдағы өткелде жұмыс істегісі келетіндер саусақпен санарлық.
Ербол Шұқырғалиев, қалалық қаржы бөлімінің басшысы:
- Гагарин мен Әбілқайыр хан көшелеріндегі жерасты өткелін екі рет сенімгерлік басқаруға бермек болдық. Ешкім қатыспады. Қазір бұл нысандар жабық тұр. Жерасты өткелдеріне кәсіпкерлер қызықпайды. Өйткені олардың жағдайы өте нашар. Көктемгі, күзгі уақытта қабырғаларынан су ағып тұрады.
Жергілікті әкімдік бұл мәселе шешіледі деп сендірді. Алдағы екі-үш жылда бес өткелді қолданысқа беру жоспарланған.
Рүстем Қайратұлы, Альбина Кұмарғалиева, Болат Жарылғасов, 24.KZ, Орал