Бидайдың элиталық сорты тапшы
Түркістан облысындағы егістік алқаптың небары 2 пайызына ғана бидайдың элиталық сорты егілген.
Ауыл шаруашылығы саласын зерттеп жүрген ғалымдар осыған алаңдайды. Бұлай жалғаса берсе, астықтың сапалы тұқымы құрып кетуі мүмкін - дейді олар. Жылда сапасыз дән себетін диқандардың өнімі де мардымсыз.
Манасбай Бекбауовтың шаруашылығына тиесілі мың гектар жерге бидайдың түрлі тұқымы себілген. Себебі, тапқан сұрыпты місе тұтуға мәжбүрміз,-дейді. Салдарынан өнімділікті болжау мүмкін емес. Айтуынша дақылды молынан беретін элиталық тұқым қолжетімсіз.
Манасбай Бекбауов, шаруақожалығының жетекшісі:
- Біз қазір осы төңіректе кімнің бидайы жақсы бітіпті пәленшенің бидайы жақсы екен деп содан әкеліп, еге береміз. Элиталы егіліп жатыр дегесін кім болса сол сатып алады. Мен алдын-ала 1 жыл бұрын ақшасын соған беріп қоямын. Өйткені 1 мың гектар еккенше, элитадан 300 гектар ексем сол жетіп жатыр маған.
Зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар да тұқым шаруашылығының тоқырағанын растап отыр. Қазір облыс аумағында дәнді дақылдардың тұқымын әзірлеп, көкөніс пен жеміс-жидек көшетін шығаратын ондаған шаруашылық бар. Бірақ бидайдың жоғары сұрыпы екеуінде ғана дайындалады.
Досымбек Сыдық, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
- Элиталы тұқымның егіс көлемі сұранысқа жетпейді. 44-48 % ғана қамтамасыз етіп отырмыз. Тұқымшылық жүйесі мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Сондықтан біз басқа жобалардың есебінен осы жүйені жүргізіп отырамыз.
Биыл өңірде 227 мың гектар жерге бидай егілді. Бірақ соның небәрі 5 мыңына элиталық сорт себілген. Сала мамандарының айтуынша, жоғары сұрыпты астық өндірушілер ғана мемлекеттік қолдауды сезіне алады.
Әлібек Плалов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Элиталы, бірінші репродуктивті тұқымдарға мемлекеттік қолдау қарастырылған. Яғни биылғы жылы бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар пестицидтер мен гербициттерді қолданғаны үшін сатып алынған дәрілердің 50% мемлекеттен субсидияланады.
Елімізде күздік бидайдың гектарынан жиналатын астық 13,5 центнерден аспайды. Сондықтан ғалымдар өнімділікті еселеу үшін егістікке түпнұсқа элиталық сорттар егу керек,-дейді. Ал оны өндірумен айналысатын шаруашылықтарға қолдау көрсетіліп, ғылымға көңіл бөлу маңызды деген пікірде.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов, 24.KZ