Қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті онлайн саудалай алады
Енді қазақстандықтар тұрғын үйді онлайн режимде сатып алып және сата алады, деп хабарлайды 24kz.
Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығы мен нотариусқа барудың қажеті жоқ. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Талғат Уәлидің айтуынша, мәміле жасау 8 сағаттан аспайды, ал оны тіркеу уақыты 10 минут болады. Әзірге «Жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мәмілелерді онлайн жасау» жобасы пилоттық режимде Астана мен Алматы қалаларында іске қосылған. Қазір ведомство, оған еліміздің өзге өңірлерін қосуды жоспарлап отыр.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жеріне қарамастан, мемлекеттік тіркеуге құжаттарды тапсыру мүмкіндігі пайда болды. Мәміле процесі биометриялық аутентификация арқылы сатушы мен сатып алушының жеке басын бейне-сәйкестендіруден басталады. Егер сатушы некеде болса, онда жұбайы да осы процедурадан өтуі керек. Әрі қарай мәмілеге қатысушылар нотариустармен бейнеқоңырау арқылы байланысып, нотариус сатушы мен сатып алушының арасындағы келісімге көз жеткізгеннен кейін оны түпнұсқалығына көз жеткізіп барып бекітеді. Яғни, Сатып алу-сату шартына электрондық-цифрлық қолтаңба қойылады.