Алматыдағы кардиологиялық орталықта операциялық блок жаңартылды

Мәжілісмендер ел аралап жүр. Олар тұрғындарды мазалаған мәлелемен танысып, ең түйткіл дегендерін Парламент қабырғасында көтереді, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін депутаттар Алматы және Қостанай қаларында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Алматыдағы кардиологиялық орталықта 30 төсектік аритмология бөлімі ашылып, жұмыс істеп жатыр. Оған қоса, операциялық блок жаңартылды. Медициналық мекеме басшыларының айтуынша, соңғы бір жылда басқару жүйесі оңтайландырылды. Қазіргі уақытта кардиохирургтар күрделі жүрек ауруларын емдеудің жаңа әдістерін қолданады. Былтырдан бері мұнда 10 мыңға жуық науқас жатып емделген. Ал, 40 мыңға жуығы амбулаторлық көмек алған. Мәжіліс депутаттары ұжыммен кездесіп, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз мұндағы жағдаймен танысуға арнайы келдік. Шешімін күткен қандай мәселелер бар? Біздің тараптан қандай көмек керек? Осы сауалдарды ұжыммен бірге талқыладық. Оған қоса, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, еңбекақы, мекеменің жабдықталуы, ұжымдағы ахуал жайы да сырт қалған жоқ. Денсаулық сақтау жүйесінде қызмет сапасы жоғары болуы тиіс.

 

Қостанайда қосымша автополигондар салынады

Қостанайда практика жүзінде жүргізушілерді дайындайтын полигондар санын көбейтпек. Ал, автомектептер мен техникалық қызмет көрсету станцияларына талап күшейтілетін болады. Бұл туралы өңірге іс-сапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева айтты. Мамандандырылған орталықта бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ. Өйткені жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер әуелі онлайн режимде кезекке жазылып, кейін емтихан тапсырады. Арқалықта қосымша полигон ашылды. Тағы біреуі Лисаков қаласында салынып жатыр. «Енді теориялық білім сапасын арттыру үшін жаңа талаптар енгізу керек», - дейді Мәжіліс депутаты.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінде автомектептер лицензия алмайды. Рұқсат құжаттар керек емес. Олар құр хабарландыру тәртібімен жұмыс істейді. Кәсіби қауымдастық «Авто оқыту саласын бір тәртіпке келтіру керек» деген мәселені көтеріп жүр. Техникалалық бақылау станциялары да оңып тұрған жоқ. Кейбіреуі құрал-жабдығы болмағандықтан, тексермей, қағаз толтырып, өткізе береді. Біз заң жобасын Сенатқа жібердік. Жақын арада бұл саланы бір жүйеге келтіреміз деп ойлаймын.

«Халықпен кездесу жақсы нәтиже беруі тиіс», - деп санайды депутаттар. Олар еліміздің түкпір-түкпірін аралап, тұрғындармен кездеседі. Өзекті мәселелер мен оның шешімін табу жолдарын бірге талқылап, тиісті орындарға жеткізеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Қарлығаш Қайыпбекова, Мағауия Қалиев, Әбен Нарымбаев