Балқашта демалыс орнын ашамын десеңіз...
Балқаш жағалауындағы бос жатқан 120 гектар аумаққа жаңа демалыс орындары салынады.
Қазір Көкше теңізге келетін турист саны арта бастаған. Сондықтан демалыс кешенін көбейту туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңір туризмі тың серпін ала бастады. Дегенмен, шешімін күткен күрмеулі мәселелер де бар.
Нұрлан Бөлтіріков 12 жыл бұрын Тораңғылы елді мекенінде шағын демалыс орнын ашып, кәсібін бастаған. Бүгінде күніне 150 адамға қызмет көрсетіп отыр. Мына 3 қабатты жаңа ғимараттың құрылысы біткен соң келушілер саны екі есеге артады. Қонақ үйді салуға жұмсалған қаражаттың 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл үлкен қолдау. Енді инфрақұрылымды жақсартуға көңіл бөлінсе,-дейді кәсіпкер.
Нұрлан Бөлтіріков, кәсіпкер:
- Тек қана енді инфрақұрылымды берсе. Тоқ бар, жол бар. Тек ауылдың ішіне қарай жол жасап берсе. Судан көп қиындық көріп отырмын. Бізге су водавозбен келеді. Қайта биыл жақсы водавоз берді. Сонымен тасиды, жақсы болды.
2022 жылы Балқашқа 60 мыңнан астам турист келген. Мамандар биыл да шамамен 100 мың адам келеді деп болжайды.
Соңғы 3 жылда Балқашқа келетін туристер саны 30 пайызға артқан. Осыған байланысты Көкше көл жағалауында туристік кластерді дамытуға басымдық беріліп отыр. Мәселен көл жағалауындағы 120 гектар жер белгіленген. Ол демалыс орнын ашуға ниетті кәсіпкерлерге беріледі.
Қазір бұл жерлердің егжей-тегжейлі жоспары дайындалуда. Кейін аукцион арқылы әлеуетті кәсіпкерлер анықталады. Бос жатқан жер телімдері Шұбартүбек, Тораңғылы, Бертіс шығанағы сынды көл жағалауына жақын аумақтардан үлестіріледі. Бүгінгі таңда туризм бағытында ынталы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау бар,-дейді мамандар.
Еркебұлан Қамаубаев, Балқаш қаласы әкімдігі туризм секторының меңгерушісі:
- Егерде кәсіпкер демалыс орнын салатын болса, 10 пайызы субсидияланатын болады. Бұған қоса транспорт алса, мысалы автобус, үкімет тарапынан 25 пайызы субсидияланады. Егер кәсіпкер демалыс орнына санитарлық тораптар алса, біреуіне 83 мың теңгеден субсидия беріледі.
Қазір Балқашта туристерге қызмет көрсететін 54 кәсіпкерлік нысан бар. Соның 24-де суға шомылуға рұқсат етілген. Жаңа демалыс орындары ашылған кезде туристерге қызмет көрсету аясы кеңейеді.
Руслан Нұрланұлы, 24.KZ, Қарағанды облысы