Теңіз жаяу әскерінің әлеуеті артты

Ақтаудағы теңіз жаяу әскері заманауи виртуальды тренажерда жаттығып жүр.

Жас сарбаздар Т-72 маркалы ауыр танк, брондалған машина, зымыран кешені, тіпті граната атқышты да виртуальды жүргізеді.

Осылайша, жауынгерлік тапсырмаларды орындап, тәжірибе жинайды. Сосын, әскери полигонда қару ұстап, теориялық сабақтан алған білімін іс жүзінде көрсетеді.

Бұл – №390 теңіз жаяу әскерінің оқу-жаттығу кешені. Жауынгерлік бөлімде озық үлгідегі бірнеше тренажер бар. Мәселен, механик-жүргізушілер броньды машинаны шебер басқаруды виртуальды түрде үйренеді. Ал атқыштар зеңбірек және пулеметпен нысананы дәл көздеуге дағдыланады.

Бұдан бөлек, жас сарбаздар гранатаатқыш, Калашников автоматын алдымен тренажерде атып көреді.

Мадияр Тілеков, әскери нұсқаушы:

- Жаңа оқу кезеңінің басталуына байланысты сарбаздардың мамандық бойынша дайындығы болып жатыр. Оқу аяқталғаннан кейін бақылау сабақтарынан алынған білім мен дағдыларды қандай деңгейде меңгергені тексеріледі.

Бригаданың жеке құрамы соңғы жылдары оқу жаттығудың басым бөлігін оқу тренажерінде өткізіп жүр. Симулятордың бірі майдандық Т-72 танкісінің айнытпас үлгісін қайталайды. Болашақ танкшілер ұрыс машинасын жүргізіп әрі әскери көліктің дыбысын естіп, ішкі құрылымымен танысады.

Саят Талғатұлы, бөлімше командирі:

- Оқу-жаттығу тренажерлары мерзімді әскери қызметшілердің қару-жарақпен танысуына мүмкіндік береді. Сарбаздар қорғаныс шебінде немесе шабуыл жағдайында нысана көздеуді үйренеді. Расын айту керек, мұндай тренажерлар бөлімге жаңадан келген жауынгерлердің психологиялық тұрғыдан шыңдалуына зор әсер етеді.

Артиллерия және танк симуляторлары, электронды автоматтар мен «ақылды» нысананың шынайы түрінен айырмашылығы жоқ. Заманауи технологияның көмегімен жас сарбаздар тактикалық ұрыс тәсілдерін жылдам меңгеріп шығады. Мұндай жаттығуларға жанармай, оқ-дәрі жұмсалмайды. Яғни, мемлекет қаржысын үнемдеуге өз септігін тигізеді.

Талғат Исламұлы, Айбек Байзақов, 24.KZ, Ақтау