Павлодарда өзен флотын дамыту мәселесі талқыланды
Былтыр еліміздегі 3 өзен флоты бассейнін дамытуға бюджеттен 64 миллиард теңге бөлінді.
Су жолдары арқылы жүк тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімді-дейді мамандар. Мысалы, халықаралық бағытта жүк тасымалымен айналысатын Ертіс өзен портында шешімін күткен біраз мәселе бар. Парламент Мәжілісінің депутаты, Магеррам Магеррамов аталған порт пен кеме жөндеу зауытына барды. Ұжыммен кездесіп, кеме қатынасы, ашық айдынға шығу және флот жұмысындағы проблемаларды бірге талқылады. Ертіс ең ұзын және ағысы қатты трансшекаралық өзен. Биыл суы біраз көтерілді. Сондықтан су көліктерінің қатынасында кедергі жоқ. Ресейге жүк тасымалдау көлемі былтырмен салыстырғанда 1,5 есе артқан. Бір кездері Ертіс өзені арқылы көрші мемлекетке тұз, құрылыс материалдары, ағаш тасымалданды.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз өзен жағалауындағы көліктік инфрақұрылымның жағдайымен танысуға келдік. Кеме шлюздері мен кемелердің тозуы шекті нормадан жоғары деуге болады. Өзен флотын дамыту үшін заңнамалық тұрғыда қандай көмек көрсетіледі? Саланы дамыту үшін не істеуіміз керек? Осындай кешенді мәселелерді анықтап, нақты шешім қабылдауға кірісеміз деп ойлаймын.
Виктор Поднебесов, кәсіпорын басшысы:
- Ертіс өзенімен мақтанамыз. Бірақ өзенге де күтім керек екенін ұмыт қалдырамыз. Әсіресе кемелердің жүзу жолын тазалап отыруымыз керек. Өзен жағасындағы ағаштар жағалауды ұстап тұрады. Оларды кесіп отырған жөн. Сонымен қатар өзен түбін тереңдету маңызды шаруа. Жарықтандыру мәселесі де өзекті. Өйткені барлық белгілер жарықсыз тұр. Бұл кеме капитандары үшін қиындық тудырады.