Кореялық саяхатшы Қазақстан жайлы нұсқаулық шығарды

Сеулде Орталық Азияның үш мемлекетіне арналған жолнұсқа таныстырылды.

Саяхатшы Со Бён Ённың кітабы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның көрікті жерлері жайлы. Онда автор туристік орындарға қалай жетуге болатынын, қандай дәмді тағамдар бар екенін, тіпті қандай мессенджерлерді қолдану туралы әңгімелейді.

Оның айтуынша, соңғы уақытта кореялықтардың Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығы артқан. Саяхатшы бұған визасыз режим мен Сеулден тікелей әуе рейстерінің ашылуы ықпал етті дейді.

Оның есебі бойынша, кореялықтарға Еуропа елдеріне қарағанда Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанға саяхаттау екі есе арзан. Ал ресми дерекке сүйенсек жыл сайын шетелге 30 миллионға жуық корей азаматы саяхаттайды екен.

Со Бён Ён, саяхатшы:

- Корейлер мен қазақтар ұқсас болатындықтан Қазақстанда мені жергілікті тұрғын ретінде қарсы алды. Адамдар өте қонақжай екен. Барлық жерде жылы қабылдады. Маған Түркістан мен Қайыңды көлі ұнады. Осы айда Қазақстанға тағы да саяхаттап барамын. Сол кезде 1937 жылы корейлер жер аударылған сәтте ең алғаш болып орналастырылған Үштөбені барып көруді жоспарлап отырмын.

Со Бён Ён 2015 жылдан бастап туристік жолнұсқалар шығарумен айналысады. Оның Ресей, Грузия және Армения туралы кітаптары Оңтүстік Кореяда танымал.