Орал саяжайларының 1800 тұрғыны әлі эвакуциялық бекетте тұрып жатыр
Орал маңындағы су басқан саяжайлардың 1800 тұрғыны әлі де эвакуциялық бекетте тұрып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Олардың басым көпшілігі көпбалалы отбасылар. Жер құрғап, қонысына оралып жатқандар да баршылық. Дегенмен, алапат су тұрғылықты мекендерін жарамсыз еткен соң үйіне бара алмай жүргендердің қарасы көп. Осы ретте Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова қора-қопсы, үй-жайін жөндеуге шамасы жетпей жүрген саяжайлықтармен арнайы барып кездесті. Бағбандық серіктестіктерге қоныс тепкен тұрғындар халық қалаулысына баспаналарын қалыпқа келтіру үшін көмекке зәру екендіктерін жеткізді. Жалпы облыс орталығында 14 мыңнан астам саяжай телімі су астында қалып, 3 мыңдай үй жарамсыз деп танылды.
Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Су тасқыны кезінде осы санаттағы тұрғындар физикалық және материалдық тұрғыда көп зардап шекті. Қазір Мәжілісте біз қолдау көрсетудің заңнамалық актілерін жетілдіруді ұсынып отырмыз. Бірақ ол да жеткіліксіз деп ойлаймын. Жергілікті атқарушы билік осы мәселеге мән беріп, белсенді жұмыс атқаруы тиіс.