Павлодарда жылу беру маусымына дайындық кестеге сай жүріп жатыр
Павлодардағы үшінші жылу электр орталығы кестеге сай жаңғыртылып келеді, деп хабарлайды 24kz.
Ал, Ақсудағы жылу қазандығын жөндеу жұмыстары 40%-і орындалды. Моноқалада соңғы жылдары құрылыс қарқын алып, үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. «Демек, жаңа қазандыққа қажеттілік туындайтын күн алыс емес», - дейді мамандар. Ал осыдан 6 жыл бұрын салынған жылу агрегатын техникалық мәселелерге байланысты іске қосу мүмкін болмай тұр. Парламент Сенатының депутаты Ернұр Әйткенов бұл мәселені назарға алатынын жеткізді.
Ернұр Әйткенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазір ана жобалық-сметалық құжаттамасын қайтадан жасап отыр. Ол экспертизадан толығымен өту керек. Содан өткеннен кейін қаражат соған іздестіруіміз керек. Содан кейін осы қазандықты дұрыс аяқтауымыз керек. Іске қосылғаннан кейін осы Ақсу қаласының 40-50%-ін жылумен қамтамасыз ету керек.