Алматы облысында 9000-нан астам бейнебақылау камерасы орнатылады

Алматы облысының қалалары мен елді мекендері 9 мыңнан астам бейнебақылау камерасымен жабдықталады, деп хабарлайды 24kz.

Облыс орталығы Қонаев қаласында қазір 300-ден астам камера істеп тұр. Олар заңбұзушылықтарды дереу анықтап, қылмысты ашуға мол мүмкіндік береді. Соның арқасында биыл жасөспірімдер арасындағы қылмыс 15%-ке азайды. Ал облыс аумағында 10 есірткі зертханасының көзі жойылды. Бұл туралы Мәжіліс және Сенат депутаттарымен кездескен облыстық полиция департаментінің басшылығы мәлімдеді.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Теңіз жағасында болсын, қаланың ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аудандардағы жағдай, мал ұрлығы, басқа ұрлық, соның барлығының алдын алуға тиісті деңгейде жағдай жасалған деп айтуға болады. Кішкене заманауи уақытқа жылжыған соң бұларға дұрыс ғимарат жасақтап беруіміз керек. Әлі де бұлардың қатары көбейеді. Әлі де техникалық жаңа бір құрылғылармен қамтамасыз ететін жағдайларды біз жасап беруіміз керек. Өйткені халықтың қауіпсіздігі бірінші кезекте.