Балқашта баспана мәселесі шешімін таба бастады
Балқаш қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Қазір мысты шаһарда көпқабатты 5 үй салынып жатыр.
Жаңа баспаналар кімдерге беріледі? Үй кезегінде тұрғандардың мәселесі қалай шешіледі?
Балқашта бой көтерген мына жаңа ықшам ауданда қазір 5 қабатты бес үй салынып жатыр. Құны 750 миллион теңге болатын әр үйде 45 пәтер бар. Жыл соңына дейін екеуі пайдалануға беріледі.
Саятбек Мусин, Балқаш қаласы құрылыс бөлімінің басшысы:
- Қазір №7 және №11 үйге қаражаты толығымен берілді. Енді қалғанына беріліп жатыр. Жылдың аяғына дейін каркасын тұрғызып, төбесін жауып, жылу, су құбырларын тартып қоямыз.
Қалада қазір 2 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде әлеуметтік аз қамтылған 908 адам бар. Бірінші кезекте пәтермен осы топқа жататын тұрғындар қамтылады. Жаңа үйлердің біразы жалға берілсе, енді біразы банк арқылы 5 пайыз үстемесімен несиеге сатылады. Несие рәсімдеуге жеңілдіктер де қарастырылған.
Дархан Өміржанов, Балқаш қалалық тұрғын үй секторының инспекторы:
- Көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 1-2-топтағы мүгедек адамдар санаттары үшін 2 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі көзделген.
Биыл облыс бойынша жыл соңына дейін жалпы ауданы 500 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу жоспарланған. Бұл шамамен 2 мыңға жуық пәтер.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар, 24.KZ, Қарағанды облысы