ШЫҰ саммитінен ақпарат таратуға Астанаға жеті жүзден астам журналист келді

Астана саммитін ақпараттандыруға 700-ден аса медиа маман елордаға келді.

Отандық БАҚ қызмекерлері де маңызы мезетті қалт жібермей, мемлекет басшыларының мәлімделерінен жаңалық таратты. Я, мұндай келелі кеңесті жаһан жұртына насихаттау үлкен жауапкершілік. Журналистерге жұмыс барысында жайлы  жағдай жасау да оңай іс емес. Айта кетейік, саммит аясында 3 баспасөз орталығы қызмет етті.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші

Елорда мәртебелі меймандар мен жаһандық ақпарат өкілдеріне толы. Бүгін әлем назары Астанаға ауды десек болады. Себебі ШЫҰ 24-саммиті өтті. Мұндайда жылт еткен ақпаратты қалт жібермей, жиын жаңалықтарын жаһан жұртына жедел әрі бүкпесіз баяндау маңызды. Сол себепті елордаға ағылған журналистер нөпірі де қалың. 

Бас-аяғы 33 мемлекеттен келген 150 шетелдік БАҚ-тың 700 өкілі ақпарат таратты. Олар үшін 3 баспасөз орталығы жасақталды. Сонымен бірге, 200-ге жуық отандық журналист жиын жұмысының жаңалығын ақпараттандырды.  13 телеарнадан, 28 интернет ресурстан, 6 басылымнан келген әріптестеріміз саммиттен жедел ақпарат таратты. Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасында "мұның барлығы БАҚ өкілдерінің ыңғайлы жұмыс істеуі үшін жасалды" деп жазды.

ШЫҰ саммитіндегі бақ өкілдері 

33 мемлекет - 150 шетелдік БАҚ

700 өкіл

3 баспасөз орталығы

отандық журналист - 200-ге жуық

13 телеарна

28 интернет ресурс

6 басылым 

Таң азанмен баспасөз орталығына ағылған олар, жұмыспен қатар әріптестеріне жылы лебіз танытуды да ұмытпады. 

Алғашқы ақпарат ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларының басқосуынан басталды. Оларға ең алдымын Қазақстан президентінің жыл бедеріндегі байырқалы бастамалар жайлы баяндамасы қызықтырған секілді. 

Чжао Синь, журналист /Қытай/:

- Мені Қазақстанның төраға ел ретінде бастамалары мен басым бағыттары қызықтырады. Бір жылда жүйелі жұмыс жүргізілді. Құжаттар дайындалды. Қазақ елінің жетекшілік жасауымен жүзеге асқан бастамалардың маңызы мен мазмұнын ақпараттандырамын. Менің отандастарым үшін де ол маңызды деп есептеймін. Себебі келесі кезек бізде. 

Тілдері түрлі болғанымен, ақпарат ортақ. Сондықтан медиа мамандар әріптестерімен байланысуда барын салды. Олар өзара түсінісу үшін тілмаштар қызметі де үйлестірілген. 

Вафа Агабалаева, журналист /Әзербайжан/:

- Жоғары жылдамдықтағы интернет байланысы жұмысымызды жеңілдетті. Сондай-ақ аудармашылардың жұмысын ерекше айтқым келеді. Ана тілімізде ақпарат алмасуымызға жағдай жасады. Шыны керек, баспасөз орталығындағы ахуал мені шабыттандырды. Жаһан жұрты көз тіккен жиыннан ақпарат тарату мен үшін мәртебе.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

Жиын аяқталысымен ақпарат өкілдері түскі ас үстелінде басқосты. Олар үзіліс уақытында да шетелдік әріптестерімен етене жақын болды. Өз елдері жайлы айтып, тараптардың қатынастарын бағамдады. 

Со Ицюнь, журналист /Қытай/:

- Биыл біздің елімізде Қазақстан туризмі жылы деп жарияланды. Бұл қазақ-қытай қатынасының одан әрі қарқын алуына себеп болды дегім келеді. Қазақстандықтар бізге жиі келеді. Менің отандастарым да сіздердің елдеріңізге көп саяхаттайды. Екі ел достығын да ерекше айтуға болады. 

Көпшілік қазақ құндылықтарынан құрылған көрмеге де көңіл аударды.Ұлттық мұраларымызды қызығушылықпен қарады. 

Әрі қарай жиын жұмысы кеңейтілген кезедесуге ұласты. Яғни мүше мемлекеттермен қатар өзге ел басшылары, халықаралық ұйым өкілдері қатарға қосылды. Сол секілді Шанхай ондығынан басқа елдерден келген ақпарат өкілдерінің жаңалық таратуы Астана саммитінің маңыздылығын айшықтай түсті.

Шернияз Жалғасбекұлы