Жол жөндеуге 34,5 млрд теңге бөлінді
Алматы облысындағы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарына биыл 34,5 млрд теңге бөлінді.
Оған тұрғындар Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне көптен өтініш етіп айтып келе жатқан Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы автожолдар орташа жөндеуден өтеді.
Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары аталған аудандарда болып, жолдардың жағдайымен танысып қайтты.
Алматы облысы еліміздегі туристік әлеуеті мол өңірдің бірі. Мұнда қарағайлы таулары мен баулары, айдын-шалқар көлдері мен шөлдері де бар. Бірақ сол тұмса табиғаты талайды тамсандырған туристік орындарға апаратын жолдардың жағдайы мәз емес. Оны әсіресе, Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары көптен айтып келеді. Мәселен, мынау Көлсай мен Қайыңдыға апаратын «Кеген – Жалаңаш – Саты» автожолының 4,5 шақырымдай бөлігі жүруге жарамсыз болып қалған. Соның салдарынан мұнда жол-көлік апаты жиі болады.
Закиржан Кузиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл жерде 4,5 км жол бар. Барлық жол осындай. Ол жермен қаншама турист өтіп жатыр. Халық көріп жатыр мына жол жаман деп. Соны біз қазір депутаттар, мәжіліс, сенаторлар бәріміз жиналып, осы жолды біз көтеріп жатырмыз. Бұл барлық жолға қазір 2,5 миллиарды бөлінді.
Сонымен қатар биыл «Ақсай – Шонжы – Қалжат», «Көкпек – Кеген – Түп» және «Кеген – Нарынқол» автожолдарында орташа жөндеу жұмыстары басталады. Кеген мен Нарынқолдың арасын байланыстырып жатқан 89 шақырымдық жолдың жағдайы сын көтермейтін күйге түскеніне бірнеше жыл болды. «Оны қалпына келтіру жұмыстарына Сенат Төрағасының ықпал етуімен жақында қосымша 9 млрд теңге қаралды», - деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мен Сенат Төрағасы Мәулен Сағатханұлына кіріп, ол кісі өз сәлемін айтып халыққа, жұртқа, бәрін біліп отырғанын, бәрін көріп отырғанын, министрмен жеке сөйлесіп, осы жылға бөлініп жатқан қаражаттарға сол кісілердің тікелей атсалысуымен тағы да 9 млрд теңге қаражат бөлінді. Мына екі ауданға қазірдің өзінде 34,5 млрд теңге тек қана республикалық жолдарға бөлініп жатыр.
Ғани Мырзаханов, "ҚазАвтоЖол" АҚ ҰК Алматы облыстық филиалының басшысы:
- Бұл жолдар кезінде 60-70-жылдары салынған жолдар. Сол кезден бері күрделі жөндеуден өтпеген. Ылғи орташа жөндеумен келе жатыр. Сол жолдарға биыл осы 300 шақырым жолдың 130 шақырымына орташа жөндеуге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда конкурстар болып жатыр.
Жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы алдағы екі жылда толық игеріледі. Демек, Кеген мен Райымбек ауданының халқы Алматы мен екі ортада тақтайдай тегіс жолмен жүйткитін күн алыс емес. Оның үстіне Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылынан шекарадан өту бекетін ашу жұмыстары жоспарланған. Қазір бұл бағытта көршілес Қытай Халық Республикасымен арада келіссөз жүргізіліп жатыр. Бекет ашылса, Кеген мен Райымбек ауданына келетін туристердің саны еселеп артып, ауданның күретамырына қан жүгірері сөзсіз.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов, 24.KZ, Алматы облысы