Тасқын зардабын жою. Қостанайда құрылыс қарқынды
Көктемгі тасқын кезінде қызылсу құрсауында қалып, үйлері қираған қостанайлықтар үшін жаңа баспаналар тұрғызылып жатыр.
Құрылыс жұмыстарының барысымен танысу үшін Парламент Мәжілісінің депутаттары Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл Торғай өңіріне барды.
Еріген қар суынан едәуір зардап шеккен Тәуіш ауылында 22 үй салынып жатыр. Әр баспананың ауданы 80 шаршы метрге тең. Ішкі бөлмелері толық жабдықталған.
Жалпы биыл облыста 250 отбасы жаңа үйге көшеді. Жангелдин ауданы бойынша таяуда 41 баспана пайдалануға берілсе, қыркүйекте тағы 14 пәтер бөлінеді. Бұдан бөлек, 13 отбасыға Арқалық қаласында жаңа пәтерлер сатып алынды.
Жантөре Бекжанов, жеке құрылыс компаниясы басқармасының басшысы:
- Көлқамыс ауылында 10 үй салынып жатыр. Ол 10 үйдің қабырғаларының бәрі көтеріліп тұр. 4 үйдің шатырлары көтеріліп жатыр. 2 үйдің ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде сантехника жұмыстары, су мен жарық бәрі монтаждалып жатыр.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
- Сонда ортақ санына келетін болсақ, 68 отбасы жаңа үйге биыл көшейін деп отыр. Бұл Жангелді ауданы бойынша ғана. Амангелді ауданы бойынша жаңа үйге көшіп, не болмаса Арқалықтан жаңа пәтер мен үй алғандардың саны 83. Ал Арқалықтың өз басында осындай 99 отбасы бар екен. Бұл Президенттің "тасқын судан зардап шеккендердің ешқайсысы үйсіз қалмайды" деген тапсырмасы бойынша беріліп жатқан үйлер. Бұған "Қазақстан халқына" қоры сөз болып отыр.