Ұлытау облысында спорт нысандарының құрылысы бітпей тұр

Ұлытау облысының Қаражал қаласында спорт нысандарының құрылысы мерзімінен кешігіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

«Горняк» стадионын жаңғырту жұмыстары 3 жыл бұрын басталса да, әлі бітпеген. Ал, биыл қазан айында қолданысқа берілуі тиіс жабық бассейн құрылысы 46%-ке ғана орындалған. Өңірге барған Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай аталған нысандарда болып, жағдаймен танысты. Бұл жобалар Amanat партиясының «Халықпен бірге» бағдарламасына енген. Депутат басталған істің соңына дейін сапалы орындалуын күнделікті бақылап, құрылыс жұмыстарын қасақана созған мердігерлерге шара қолдану қажеттігін айтты.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жабық бассейнді қарасақ, онда корректировка жасалған. Қаржы бар. Бірақ жұмыс қарқыны жоқ. Жұмыс күші жоқ. Сондықтан да бұның барлығы бас мердігер компанияның өз жұмысына салғырт қарағанының көрінісі. Сосын жасанды түрде уақытты созып корректировка арқылы қосымша қаржыны көбейтіп алуды мақсат тұтқан компаниялар көп. Бұл теріс көрініс. Бұған тыйым салыну керек деп ойлаймын.