Маңғыстауда ескі үйлер сүріліп жатыр
Биыл Маңғыстауда жалпы аумағы 700 мың шаршы метр болатын жаңа үйлер пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Құрылыс саласына бюджеттен 145 млрд теңге бөлінген. Алғашқы жартыжылдықта 25 млрд теңгесі игерілді.
Айта кетсек, аймақта 2016 жылдан бері өңірлік бағдарлама бар. Бұл жоба бойынша ескі үйлер сүріліп, орнына көпқабатты баспана тұрғызылады.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Бұл – №3 мөлтек аудан. Былтыр «Ескі баспаналарды жаңғырту» жобасы аясында екі қабатты бес үй сүрілді. Орнына көпқабатты екі баспана тұрғызылып, 55 отбасы кең әрі жайлы пәтерге көшті. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Марина Хозеева бұл баспананы көптен күткен. Сантехникадан бастап барлық затын жаңадан алыпты.
Марина Хозеева, қала тұрғыны:
- Қазір ванна бөлмесін жасап жатырмыз. Жақсы ырымға балап, жаңа үйдің мүлкін бастан-аяқ жаңалап алдық. Бұрын тұрған ескі үйіміз бен осы бір бөлмелі пәтердің шаршы метрі бірдей.
Ақтауда ескі үйлерді сүру, жаңарту 2026 жылға дейін жалғасады. Осы аралықта 590 пәтерлі 9 тұрғын үй тұрғызу жоспарланған. Биыл екі үй сүріліп, орнына бес қабатты баспаналар салынып жатыр. Бірі желтоқсан айында, екіншісі келер көктемде пайдалануға беріледі. Жоба аясында 190 отбасы қоныс тойын тойламақ. Ескі пәтерден жаңа баспананың шаршы метрі көп болған жағдайда үй иесі баға айырмасын бірнеше жылға бөліп төлейді.
Жанболат Жақыпов, Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Жергілікті атқарушы орган, яғни, әкімдік өз тарапынан инженерлік желілерді жаңартуға жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтауға міндеттелген. Бізде ескі үйлеріміз екі қабатты болған. Қазіргі салынып жатқан тұрғын үйлер жоба бойынша бес қабатты. Инвестор соның есебінен өзінің шығындарын кейін қайтаруы жоспарланған. Бос шаршы метрлерді сату арқылы.
Ақтауда 13 мыңдай адам тұрғын үй кезегінде тұр. 736-сы ата-ана қамқорлығынан айырылған бала. Сондай-ақ тізімде әлеуметтік осал топқа жататын 4436 тұрғын бар. Баспанаға мұқтаж азаматтар екінші деңгейлі қаржы ұйымы арқылы 19А шағын аудандағы 324 пәтерлік төрт үйге жеңілдетілген ипотека рәсімдеп жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев