Елімізде 650 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр

Елімізде баспана кезегінде тұрғандардың тізімі қайта қаралып, бірыңғай база жасақталады, деп хабарлайды 24kz.

Тұрғын үй кезегін енді жергілікті атқарушы органдар жасамайды. Тізім «Отбасы банкі» ұлттық даму институты арқылы реттеледі. Бұл Мәжіліс мақұлдаған тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң жобасында көзделген.

Жетісу облысындағы Текелі моноқалашығында көппәтерлі үйлердің құрылыс қарқыны үш жарым есе артқан. Мәселен, былтыр баспана кезегінде тұрғандардың 40-ы үйлі болса, биыл 140 отбасы қоныс тойын тойламақ. Қазір қалада үш көпқабатты және екі пәтерлі 30 жер үй салынып жатыр.

Әлібек Ащанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бүгінгі таңда 1025 адам кезекте тұр. Оның ішінде бөліп айтатын болсақ, жетім балалар санаты бойынша 122 адам, көпбалалы отбасылар 151 адам, әлеуметтік жағынан осал топтар 452 адам және 300 адам бюджеттік сала қызметкері.

Қазір ел бойынша баспана кезегінде тұрғандар саны 650 мыңнан асады. Ресми мәлімет осындай. Бірақ оны қайта тексеру қажет. Себебі, олардың қатарында үй алғандар, тіпті шетелге кетіп қалған азаматтар болуы мүмкін. Сондықтан енді «Отбасы банкі» тоқсанына бір рет тізімдегілерді түгендейді. Жаңарған мәлімет Қаржы институтының сайтында жарияланады.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

- Әрбір өтінім бойынша біз отбасының цифрлық портретін жасаймыз. Ол кірістер мүлік және активтер туралы ақпаратты қамтиды. Бұл тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтың отбасылық және қаржылық жағдайының барлық аспектілерін ескеруге мүмкіндік береді. Азамат туралы толық ақпаратты біле тұра, біз оның тұрғын үй мәселесін тиімдірек шеше аламыз.

Заң жобасының бір бөлігі жалдамалы пәтерлерді жекешелендіруге қатысты. Бүгінде 51 мың отбасы дәл осы сатып алу құқығынсыз арендалық баспанада тұрып жатыр. Енді оларға бастапқы құнының қалғанын төлеп, тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі. Мәселен, жалдамалы пәтер 5 жыл бұрын алынған болса, сол кездегі құны сақталады. «Ал, қазір нарықтағы бағаның бірнеше есе өскенін ескерсек, бұл – жақсы мүмкіндік», - дейді депутаттар.

Ұлықбек Тумашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұрын ондай құқық болмайтын. Сондай сұрақтар көп болды, бізді шығарып жібере ме, тағы басқа деген. Жоқ, ондай болмайды. Егер ол адам бүгін жекешелендіре алмайтын болса, сол пәтерде тұра береді. Шамасы келген кезде қалдық құнымен мысал үшін сіз алған күні 2017 жылы ол 8 млн болса, бүгін нарықта 16-17 млн тұрады. Ал сіз оны қалай болды сол бағамен аласыз. Оның тағы амортизациясы болады жылда 2%н азайтып отырады. Сонда 8 млн 7 млн-ға жуық болады.

Қызметтік баспанада 10 жылдан аса тұрып жатқандар да пәтерді жекешелендіре алады. Мұнда да қалдық құны принципі қолданылады. Сондай-ақ қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқандардың отбасын 1 жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті енгізілді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Рухани Асқар, Ербол Дайыров