Балқашта жылу және су құбырлары жаңартылып жатыр
Биыл Балқашта жылу магистралінің 4 шақырымнан астамы, ал су құбырының 15 шақырымы жаңаланады, деп хабарлайды 24kz.
Тозығы жеткен коммуналдық тораптарда апаттық жағдай жиі болады. Осыған байланысты 2021 жылдан бастап құбырларды жаңарту жұмыстары қолға алынған. Жалпы мысты шаһардың бұл түйткілді мәселесі қашан толық шешіледі?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Мейрамбек Тойшыбековтың Балқаш қаласында тұрып жатқанына 20 жылға жуықтаған. Соңғы кездері жылу мен суық судың магистральді құбырынан жиі ақау шығып, жұрттың берекесі қашатынын айтады. Оның үстіне құбырларды тат басып кеткендіктен, краннан су ішу мүмкін емес екен.
Мейрамбек Тойшыбеков, Балқаш қаласының тұрғыны:
- Суық су жиі өшеді қала бойынша. Одан кейін ыстық суды да авария, авария деп, оны да жиі сөндіреді. Берген күннің өзінде де ыстық судың қысымы жоқ, ысымайды. Екеуінде де есептегіштер тұр. Су берген кезде өтінім жазуың керек сеткасын тазалатуға. Әйтпесе, тастар тұрып қалады.
2022 жылдан бастап қаладағы суық су магистралін жаңалау жұмыстары басталған. Жалпы ұзындығы 125 шақырым құбырдың осы күнге дейін тек 35 шақырымы ауыстырылды. Қала бойынша ең нашар учаскелер анықталған. Биыл соның 15 шақырымы жаңаланады.
Мағжан Нұрланұлы, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Бұл жақтың құбырлары кеңестік кезенде салынған шойын ғой ескірген. Сол проблемный 20 көше бойынша жұмыс жасап жатырмыз қазір. Сол 20 көшеңіз 15 шақырымдай болады магистральді құбыры. Соған биыл бөлінген 1 миллиард 300 млн теңгені игеруіміз керек. Егер ертерек бітіріп жатсақ, ары қарай жалғастырып істей береміз ғой.
Мысты шаһардың жылу магистралі де әбден ескірген. Соңғы рет 90-жылдардың басында ауысқан шойын құбырлардың басым дені шіріп кеткен. Оның үстіне қысым жоқ. Осыған байланысты 650 диаметрлік құбырдың орнына 720 диаметрлігі салынып жатыр. Биыл 4 шақырымнан астам жылу торабы жаңаланады.
Ернар Әділбек, құрылыс учаскесінің басшысы:
- 100% таза болады ғой. Өйткені ескі мына 90-жылдардағы құбырлар ғой, ішінің барлығы татқа толып кеткен қайнағаннан. Құбырдың қалыңдығы бір қарағанда желінбеген, бірақ құбырдың астын жеп қойған. Құбыр шіріп кеткен.
Қаладағы №1 және № 2 магистраль толық ауыстырылған соң үйлерге берілетін жылу қалыпқа келеді. Жұмыс биыл қыркүйекте аяқталуы тиіс. Жоба құны 5 миллиард теңгеден астам. «Ал ауызсу құбырын жаңалау алдағы уақытта кезең-кезеңімен жалғасады», - дейді мамандар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар