Ақмола облысында Ұлттық домбыра күніне екі мыңнан астам іс-шара өтті
Ақмола облысында ұлттық домбыра күніне орай екі мыңнан астам іс-шара өтті.
Оның ішінде түрлі мерекелік кештер, көрмелер мен күйшілер байқауы бар. Тек облыс орталығында емес, барлық аудан, ауылда қос ішектің үні естіліп, ұлттық аспап ерекше ұлықталды.
Абзал Балтабаев, тілші:
«Оқжетпес» стадионында өткен мерекелік шара көпшілікті тәнті етті. Себебі мұнда бір мезетте мың жарым күйші Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» және «Сарыарқа» сияқты атақты күйлерін орындады.
Акцияға кәсіби күйшілермен қатар әуесқой домбырашылар да қатысты. Басым бөлігі жастар. Арасында домбыраны шебер ойнайтын өзге ұлт өкілдері де бар.
Роман Борисовский, домбырашы:
- Менің домбыра үйренгеніме 7-8 жылдай болды. Оннан астам күй білемін. Көкшетаудағы облыстық филармонияда қызмет етемін және достық үйінде өзге ұлт өкілдеріне домбырадан сабақ беремін. Маған осы аспаптан шығатын қоңыр үн қатты ұнайды.
Қазір өңірде ұлттық аспапқа деген қызығушылық жоғары. Аймақта 36 домбырашылар ансамблі мен 12 үйірме жұмыс істейді.
Нұрәлі Мұса, оқушы:
- Мен домбыра үйірмесіне екі жыл қатысып келемін. Не ұнағаны, атам мен әжем кішкентай кезімде домбыра тартып, маған беретін. Содан ұнап қалды. Қазір мен 17 күй біледі.
Тұрлығожа Базаров, ҚР мәдениет қайраткері:
- Нағыз қазақ домбыра дейді ғой. Домбыра жасай берсін. Аман болайық. Әр үйде домбыра болсын. Ұлтымыздын күй мен әні жоғалмасын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін.
Мереке аясында облыстық жас күйшілер және жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Жүзден жүйрік атанған жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен марапатталды. Осылайша ән мен жырдың бесігі атанған киелі Көкше өлкесі ұлық мерекені жоғары деңгейде атап өтті.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный