Атырау облысында су тасқынының бетін қайтарған аудан бар

Биылғы тасқыннан Атырау облысында 70-ке тарта шаруашылық зардап шекті.

Құлсары қаласында 3 мыңға тарта тұрғын үй мен бизнес нысанын су басты. Ал ең аз шығынмен шыққан Индер ауданы болды. Жергілікті тұрғындар мен билік өкілдерінің атқарған жұмысының арқасында мал-жан аман, ауылдарға су кірген жоқ. Жайық өзені деңгейінен төмен орналасқан 4 елді мекенде 30 шақырым бөгет соғылды. 

Жарсуат ауылының ақсақалы Мағзом Тұрғанов кешегі тасқынмен тайталасты ертелі-кеш айтудан жалыққан емес. Себебі Жайық өзеніне таяу және төмен қоныстанған елдімекендер үшін қауіп аса жоғары болды. Әсіресе осы Жарсуат пен Құрыылыс ауылының іргесіне таянған нөпір су тұрғындарды қатты састырған еді. Ауылдықтар қиын кезде ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білді. Сол кезде ауылды айналдыра соғылған биіктігі 8-9 метрлік бөгет сындарлы шақтағы ерен еңбектің ескерткішіндей қасқайып тұр.

Мағзом Тұрғанов,Жарсуат ауылының тұрғыны:

- Оразаның кезі, ауылдың жастары түнде жасайды, біз сияқты қарттар жаңағы, күндіз жарты мезгіл болса да жұмыс жасадық. Бала-шаға, түрлі әйел адамдар барлығы да осыған ат салысты. Соның арқасында қауіпті деген жер, қауіпсіз болып Жарсуат та, Құрылыс та аман-есен қалып отырмыз. 

Индер ауданында өзен деңгейі 10 метрден асып, аудан орталығы мен 3 ауылға қауіп төндірген сәт мамырдың басы болатын. Сол кезде  ауылдарды айналдыра 30 шақырымнан астам бөгет соғылды. Мыңдаған адам мен 100 ден астам техника кезекшілік атқарды. Нәтижесінде аудан тұрғындары аз ғана шығынмен тасқынның бетін қайтара білді.

Әсет Оразғалиев, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

- Әртүрлі қиындықтар болды. Көмекке ауданымызға әскери сарбаздар келді және де ТЖ қызметкерлері жұмылдырылды. Судың ең жоғары деңгейі майдың басында критический деңгейге көтерілді. Мана айтқан 10,41 метр.  

Арнасынан асқан Жайық өзенінің биылғы тасуынан облыс бойынша 70-ке тарта шаруашылық зардап шекті. Оның 55-і Махамбет ауданына қарасты, қалғаны Атырау қаласының іргесіндегі егіс алқаптары. Индер ауданында бір шаруашылықтың 17 гектар екпе шөп алқабын су басқан болатын. Бүгінде шаруаның өтініші қабылданып, тиісті құжаттары комиссияға жолданды. Ал малшы ауылдарды сәуір айында қырға көшіру арқасында төрт түліктен шығын болған жоқ.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин