Өскемендік қолөнершінің қолынан шыққан домбыраға сұраныс жоғары

Домбыра – қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан құнды мұра. Ал ұлттың үніне айналған аспапты шебердің шебері ғана жасайды. Өскемендік қолөнерші Бауыржан Кәрімовтің қолынан шыққан дүниеге сұраныс жоғары, деп хабарлайды 24kz.

Отбасы мүшелері де қасиетті қара домбыраны ерекше қастерлейді. Шебердің ендігі арманы – домбыра үйірмесін ашып, жастарды тегін үйретпек.

Домбыра жасау – ойыншық жасау емес. Сондықтан шебер жасап жатқан аспабының әрбір бөлшегіне ерекше назар аударады. Бауыржан Кәрімов 30 жылдан бері осы бағытта ізденіп, шеберлігін шыңдап келе жатқанын айтады. Домбыра үнінің жақсы шығуы ағашына байланысты болмақ. Сондықтан мамандар көбіне қайың, қарағай, шырша және жаңғақ ағашын қолданады. «Ең қиыны домбыраны шабу мен құрау»,- дейді шебер. 

Бауыржан Кәрімов, шебер:

- Өйткені мына шанақтардың, қалақшалардың бөліктері қалыңдығы 2,5 мм болуы керек. Ал енді шапқан кезде күн сәулесіне, не болмаса жарыққа қарап отырып шабамыз. Өйткені оның қалыңдығын білмейміз ғой. Ол арнайы шотпен шабылады. Оның бір кемшілігі, бір жері қалың, бір жері жұқа түсуі мүмкін. Одан кейін шауып келе жатқан кезде байқамай қалсаңыз ары қарай, сыртына өтіп те кетуіңіз мүмкін.

Сондықтан шебер сыналардың көмегімен домбыра шанағының өлшемін анықтайды. «Қалыңдығы біркелкі болған сайын аспаптың дауысы да жақсы шығады», - дейді. Бауыржан Кәрімов ата кәсіпті енді немерелеріне үйретпекші. Үлкені қазір 4 жаста. Атасына көмектесіп, қолқанат болып жүр. Отбасы мүшелерінің барлығы домбыра тартып, ән салады.

Жұбайы Гүлбану Кәрімова да қаражаяу емес. Ұл-қыздарының барлығына домбыра тартуды өзі үйретіпті. Шебердің шаңырағында қазақтың қара домбырасы қашанда төрде тұрады.

Гүлбану Кәрімова, жұбайы:

- Әрбір қазақтың шаңырағында осы қара домбыра болу керек деп есептеймін. Қазақ осы қара домбырамен күйді күңірентіп, осы күймен өскен. Сондықтан өз отбасымызда осы домбыраны қадірлей білеміз, құндылығын білеміз.

Ұлттық өнерді дәріптеп, ұлттық аспапты ұлықтағын отбасы әрбір қазақ баласы қасиетті домбыраны шерте білуі керек деп санайды. Сондықтан шебер домбыра үйірмесін ашып, ниет танытқандардың барлығына тегін үйретуді жоспарлап отыр. Алғашқы болып дәріс сабағына полицияда істейтін қызы Аяулымның әріптестері келді.

Аяулым Кәрімова, облыстық полиция департаментінің қызметкері:

- Кіші кезімнен әкем домбыраны көз алдымда жасап беретін. Аңшылықпен айналысты. Әкем сегіз қырлы, бір сырлы. Сол кісінің арқасында өнерге келдім деп ойлаймын. Кіші кезімнен сурет салып, домбыра тартуға әуес болдым.

Домбыра күні мерекесіне орай шебер облыстық полиция департаментінің музейіне өз қолынан шыққан киелі аспапты сыйға тартты. Бауыржан Кәрімов соңғы 30 жылда 1700-ден астам домбыра жасаған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Анель Есенбердина, Дмитрий Пыхтин