Тараздағы аудан тұрғындары жол салып беруді сұрайды
Тараздағы Береке шағынауданының тұрғындары жергілікті биліктен жол салып беруді сұрайды, деп хабарлайды 24KZ.
Тұрғын үй алабындағы 9 көшенің бірде-біріне асфальт төселмеген. Оған қоса ауызсу желісінің 2 жыл бұрын басталған құрылысы әлі аяқталмапты. Мәселе қашан шешіледі?
Мерей Бает, тілші:
- Тұрғындар Береке тұрғын үй алабына осыдан 20 жыл бұрын қоныстана бастаған. Содан бері мұнда жолдың мәселесі әлі күнге өзекті. Десе де 5 жыл бұрын бұл алқап қала құрамына енген еді. Сол кезде мұндағы жұрт жол салынады деп қуанған-ды. Бірақ көше мәселесі әлі күнге өзекті.
Шағынауданда 400 түтін бар. Аумақ қалаға қосылғалы халық саны артып келеді. Мектеп жасындағы бала да көбейген. Соған қарамастан жұрт жолының жөнделмегеніне қапалы. Тұрғындар жазды күні топырақ, жауынды кезде лай кешуге мәжбүр.
Қасиет Жеңісова, қала тұрғыны:
- Ауруханамыз өте алыс. Соған жаяу барып, жаяу қайтамыз. Батпақ болғанда ойылып-ойылып кеткен ғой. Тайып-тайып, суға құлап, тұрып кете береміз. Автобус кірмейді бұл жақтарға. Бала келетін автобус анау жолдан түсіріп кетеді. Сосын батып келеді. Үсті-басын лай қылып.
Тұрғын үй алқабында 2 жыл бұрын орталықтандырылған ауызсу желісінің құрылыс басталған. Бірақ су желісін жүргізу әлі күнге аяқталмады. Салдарынан тұрғындар ауызсуды жалғыз құдықтан тасып ішіп жүр.
Қаршығай Балықбаева, қала тұрғыны:
- Барлық адам құдық қаза алмайды ғой. Мәселен, 14 метрден шығып жатыр құдық суы. Ал бірақ құдығы жоқ үйлер жаңадан көшіп келген үйлер жайғасамын дегенше осы жерден тасиды. Бір ғана құдық осы орталыққа қондырған. Оның өзі уақытылы. Күніне бір сағат қана.
Ал әкімдік өкілдері: «ауызсу мәселесі биыл шешімін табады», – дейді. Бүгінде орталықтандырылған су желісін жүргізіп біткен. Қазір есептеуіш құралдарын орнатып жатыр. Сол жұмыстан соң тіршілік нәрін тарату басталмақ. Ал жолдарды жөндеуге, ауызсу желісінің құрылысы аяқталған соң кіріспек.
Ернұр Үдербаев, қала әкімдігінің бас инспекторы:
- Қиыршықтас төсеу жұмыстары 3 жылға жоспарланып отыр. Биыл басталды сол жұмыс. Осы 28 саяжайдың бәрін толық қамтымайды. Оның ішінде 8 саяжайды қамтып отыр. Келесі жылы тағы 5 саяжады, арғы жылы 5 саяжайды деген сияқты жоспар жоспармен 3 жылда түгел қиыршықтас төсеп бітеміз. Содан кейін асфальтке кірісеміз. Жобасы содан кейін жасалатын болады.
Биыл қала құрамына кірген 8 саяжайдағы 165 көшеге қиыршықтас төселеді. Оған жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Ал оларға асфальт төсеу кейінге қалып отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан.